Қосшы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Экономика
view 353
news

Мамырдың 23 күні Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қабдоллаұлы Қасенов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады. Мұнда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол мәселесі, электр жарығымен қамтамасыз ету жұмыстары, қоқыс шығару, құрылыс, т.б. өзекті салалар бойынша жүргізілген шаруалар туралы есеп берді.

Жыл қорытындысы бойынша жобаларды іске асырудың нәтижесінде, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері (өнеркәсіптік өндіріс көрсеткішін қоспағанда) 100 пайыздан асты.

Негізгі капиталдағы инвестиция

Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында негізгі капиталдағы инвестиция 15 млрд теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсімі 234 пайыз. Тұрғын үй ғимаратының эксплуатацияға 210 пәтерді құрайтын 2 көппәтерлі және 96 жеке тұрғын үй берілді (37,5 мың шаршы метр). Құрылыс монтаж жұмыстарының көлем көрсеткіші – 2,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 166 пайызға өсті. Бөлшек сауда көлемі 2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 133 пайызға жетті. Жыл басынан бері 448 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 362 тұрақты және 86 уақытша жұмыс орны. Кәсіпкерлердің саны 2,8 мыңға жетіп, 147 пайызға өсті. 13,5 млрд теңге инвестиция тартылды, өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе өсім қалыптасты. Ағымдағы жылы құны 100 млн теңгеден асатын 18 инвестициялық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін негізгі капиталға 39 млрд теңге инвестиция тарту мақсатымыз бар. Жеке инвестициялардың арқасында «Феникс» спорт клубы, «Tau Park» демалыс орны, «Inju Market» сауда үйі, «Ақ аңыз» кондитерлік цехы, «Алатау» мейрамханасы, «Dreаm food» дәмханалар желісі, «White Hall» демалыс кешені ашылды. Астанаға іргелес орналасқан қаламызда өндіріс ошақтарының саны да артуда. Қазіргі уақытта ет өндірісі, темір бетон өнімдерінің өндірісі, пластикалық бұйымдар, жиһаз өндірісі қарқын алуда. Жыл басынан бері 2,0 млрд теңгенің өнімі сатылымға шығарылды. Бұл бағытта жыл соңына дейін ірі 4 жоба іске қосылады.

Анықтама

1) Тауық етін қайта өңдеу зауыты – «Ил Тов» ЖШС, жоба құны – 3 млрд теңге. 2) Картон қағазын шығару зауыты – «Гарденс» ЖШС, жоба құны – 200 млн теңге. 3) Бетон зауыты – «Құмтас АКК» ЖШС, жоба құны – 150,0 млн теңге 4) Ет өңдеу зауыты – «Сивка Бурка» ШҚ, жоба құны – 150 млн теңге.

Тұрғындардың өзекті мәслелерінің бірі – жол саласы

Өткен жылы ұзындығы 20 шақырым қалаішілік жолдарға күрделі жөндеу жүргізілді – (23 көше – 3,9 млрд теңге). Абылай хан, Жангелдин, Зайсан үш көшесі бойынша 2,7 шақырым көше-жол желісі салынды. (1 млрд теңге) Ұзындығы 4,6 шақырым Республика көшесіне орташа жөндеу жүргізілді (324 млн теңге). Ұзындығы 10 шақырым қаланың көшелеріне төгу және грейдерлеу жүргізілді (100 млн теңге). «Лесная Поляна» тұрғын үй алабы аумағында 10 мың шаршы метр көлемінде кварталішілік жолдарға шұңқырлы жөндеу жүргізілді және 1 мың метр су ағар науалары жабдықталды (82 млн теңге). Қалада барлығы 42 автобус аялдамасы бар. Былтыр 13 аялдама павильоны орнатылды. 1 жылы аялдама жеке кәсіпкердің есебінен орнатылды. 2023 жылы жалпы ұзындығы 16 шақырым жол салынады. Грейдерлеу жұмысы 8 шақырым жолды қамтиды. 24 аялдама павильоны орнатылады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында біршама жұмыстар атқарылды. Өткен жылу беру маусымы қалыпты деңгейде өтті. Бүгінгі күнде келесі жылу беру маусымына дайындық жұмыстары басталды. «Даймонд парк» тұрғын кешені бойынша қазандықты күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша (ИП «Джалгасбаева») меморандум жасалды. «Табыс құрылтай» «Сиреневый сад» тұрғын үйлерге қазандықтары орнатылды. Сонымен қатар «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Шоколад», «Табыс құрылтай» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары электр жарығы өтемі бойынша заңды тұлғадан жеке тұлғаға ауыстырылды (33 теңгеден 22 теңгеге дейін). 18 көшеде көше жарығы қайта орнатылды және қосылды, 1 000-нан астам жарық нүктелері орнатылды. 24 көшеде 500 жарық нүктесі ауыстырылды, осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда «Лесная Поляна» тұрғын үй алабының кей көппәтерлі үйлердің жоғарғы қабаттарында су тарату желілерінен судың ағып кетуін жою, сондай-ақ жалпы үй желілеріндегі сүзгілерді тазарту арқылы сумен жабдықтау мәселесі шешілді. Жүргізілген жұмыс су тұтынуды тәулігіне 2 мың текше метрге азайтуға мүмкіндік берді. Ауыз сумен қамтылмаған учаскелерде сумен жабдықтау желісін салу бойынша жобаның 4-кезегін іске асыру басталды, өткен жылы 29 шақырым сумен жабдықтау желілері салынды, екі көше орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылды (Ақмола, Көкшетау). Биыл 50 шақырым сумен жабдықтау жолдары салынуда. Жоба бойынша 2,5 мыңнан астам тұрғын үй қосылады. Кәріз желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілуде, істен шыққан сорғыларды жылдам ауыстыру үшін 60 қосалқы сорғылар орнатылды.

Балалар алаңы жаңғыртылуда

7 балалар алаңы орнатылды, 5 балалар алаңы бойынша орнату жұмыстары көктемде аяқталады. Бүгінгі таңда 6 балалар алаңы бойынша Мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілуде («Лесная Поляна» тұрғын үй алабы: 2, 8-9, 10, 11, 22 және Тайтөбе ауылында). Р.Қошқарбаев мектеп ауданындағы алғашқы саябақ абаттандырылды. Қосымша саябақтарды абаттандыру жоспарымызда бар. Қазіргі кезде қаланың көгалдандыру жоспары бекітілуде. Биыл бес мыңға жуық ағаш отырғызылады.

Қоқыс шығару проблемасы шешілуде

Қаланың қоқыс шығару бойынша проблемалық мәселелерінің бірі шешілді. Бүгінгі таңда мәслихат шешіміне сәйкес тарифтер бекітіліп, мердігер анықталған, барлық қоқыс қалдықтары мамандандырылған полигонда орталықтандырылып шығарылуда. Мердігер мекеме тарапынан 100 контейнер сатып алынды, жыл соңына дейін ескі контейнерлермен ауыстырылады. Былтыр 70 контейнерлік алаң (140 контейнер) орнатылды. Биыл тағы да 30-дан аса жабық контейнерлік алаң орнатылады. Қазіргі уақытта жұмысты қарқындату үшін, мердігер мекеме тарапынан 100 млн теңге сомасына инвестиция тартылуда. Бүгінгі күнде қосымша 1 техника сатып алынып, 10 адам жұмысқа алынды (6 техника, 15 адам жұмыс жасауда).

Жаңа мектеп ашылады

Қосшы қаласының әлеуметтік саласында да бірқатар ауқымды жұмыстар жасалуда. Үш ауысымдық оқытуды азайту мақсатында Желтоқсан көшесінде өткен жылдың 1 қыркүйегінде 1 200 орындық жаңа мектеп ашылды. Дәл қазір Қосшы қаласында 3 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның екеуін биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. (2 700 орын). Бір мектеп жеке инвестициялық қаржыландырумен салынуда. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 4 мектептің құрылысы басталады. Соның ішінде 1 мектеп Тайтөбе ауылында салынады.

Емхана құрылысы аяқталды

Күнделікті 100 адамды қабылдауға арналған емхананың құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта азаматтарды тіркеу жұмыстары жалғасуда, бүгінде 12 мыңға жуық адам тіркелді. Сонымен қатар жеке қаржыландыру есебінен қоғамдық мәдени-спорттық орталық салу жоспарлануда (2,4 га жерге 600 шаршы метр аумақты қамтитын). Қосшыда биыл спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылы құрылыс жұмыстары аяқталады. Жаңа 1,5 мың орындық мектепке қарама-қарсы орналасқан. Өрт сөндіру қызметі ғимаратының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ Қосшы қаласында Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Өнерлі өрендер өсіп келеді

Жоғарыда атап өткен инвестиция өзін толық ақтайды деп сенеміз. Себебі, Қосшы қаласы 2022 жылы облыстық «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы байқауынан гран-при алды. Биыл да өнерпаздарымыз өнер көрсетіп, «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы байқауы жоғары деңгейде өтті. Қалада мәдениет, өнер, руханият, жастар саясаты, спорт бағытында көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Ардагерлер, ақсақалдар, аналар кеңестері толықтай жұмыс істейді. Мемлекеттік «Артспорт» бағдарламасымен 17 спорттық, 13 мәдениеттік бағыттағы орталықтар жұмыс істейді. Онда 5 мыңға жуық жасөспірімдер өнер үйреніп, спортпен шұғылдануда. Маусым айында Балалар жасөспірімдер спорттық мектебі ашылады.

Тайтөбеде тың өзгерістер көп

Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылдан бастап, Қосшы қаласына Тайтөбе ауылы қосылды. Қазіргі кезде барлық жоба қабылданды. Тайтөбе ауылының ішкі жол ұзындығы 40 шақырым. 51 көше бар. 2023 жылы жалпы ұзындығы 8 шақырым жол салынады. Грейдерлеу жұмысы 1,5 шақырым жолды қамтиды.

Электр жарығымен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталсақ

2022 жылы 250 көше шамдары орнатылды және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ өткен жылы 3-шағын аудан мен 3а кварталында 70 үйге электр жарығы қосылды. Көше жарықтарын қосу бойынша АРЭК-пен келісімшарт жүргізілуде. Биыл екінші кезеңдегі жұмыс жоспары бойынша 1, 2-және 4-шағын аудандардағы кейбір көшелерді электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылады (Тараз Энерджи). Үкіметте 2025 жылға дейін Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары қарастырылып, оң шешім қабылданды. Бұл кешенді жоспарға жалпы сомасы 74 млрд теңгеге 30 жоба (қалада 29 және Тайтөбе ауылында 1 жоба) енді, олар 3 жыл ішінде іске асырылатын болады. Сөйтіп осыдан екі жылдай бұрын қала мәртебесін иеленген Қосшы шаһары уақыт өткен сайын жасанып-жасарып, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік хал-ахуалы жақсарып келеді. Бұл халықтың ертеңгі күнге деген сенімін арттырып, үміттерін жарқыратып жаға түсті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *