Итшілеп жүретін интернет

Экономика
view 498
news

Елді интернетпен қамтамасыз ету деңгейі 99%, ал, сапасы сын көтермейді. Қазақстандықтардың көбіне сапалы мобильді интернет қол жетімсіз. Бұл мәселе шалғайда жатқан елді мекендерді ғана алаңдатып отырған жоқ. Ірі мегаполистер мен Қосшы секілді шағын қаладағы пайдаланушылар сапалы байланыс пен мобильді инетернет қызметін ала алмай жүр. Қала тұрғындарына бұл мәселененің жай-жапсарын түсіндірсек.

Бүгінде мыңнан астам ауылда интернеттің жоқтығын былай қойғанда, барлық ел көлемі бойынша интернет сапасы төмен. Елдегі байланысқа наразылық әлеуметтік желілердегі қолданушылар жазбасынан анық көрінеді. Тіпті, әлсіз интернетке ЦДИАӨМ министрі Бағдат Мусиннің өзі шағымданған болатын. Ол елорданың хақ ортасындағы байланыстың нашарлығына байланыс сапасының мәселелері бойынша өткізілген жиында  «Астанадағы Тұран даңғылына шықсақ байланыстан ажырап қалатын кездер болады. Манхэттен, SAT City тұрғын үй кешені және КАЗГЮУ аумағында байланыс сапасы нашар. Сіздер бұл жақта көп қабатты үйлердің көп емес екенін түсінулеріңіз керек. Бұл мәселені бірлесіп шешуіміз керек», – деп баға берді. Былтыр интернет сапасы үшін Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан  Бағдат Мусин ескерту алған болатын. Бірақ көріп отырғандарыңыздай мәселе әлі шешілген жоқ. Елдегі интернет мәселесіне Халықаралық электр байланыс одағы ТМД аумақтық бөлімінің директоры Наталья Мочу «Интернет сапасын арттыруға Қазақстанның әлеуеті бар. Дегенмен қолда бар мәліметтерді айта кетейін. Халықтың жартысынан аз бөлігі талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған нүктеден он километрден артық қашықтықта тұрады. Сондықтан оптиканы ірі, орта және тіпті шағын елді мекендерге міндетті түрде жеткізу керек деп есептейміз», – деп шешім ұсынған болатын. Өткен жылдың жазында президент Қасым-Жомарт Тоқаев байланыс пен интернеттің сапасыз қызметі үшін берілетін жазаны қатайтуға қол қойды. Жаңа заң бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда операторларға 100 АЕК орнына 1000 АЕК айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайтадан бұзылған жағдайда айыппұл сомасы 200-ден 1500 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Президент еліміздегі интернет пен байланыстың сапасына наразылығын білдіріп, үкіметке әкімшілік құрам мен  бұзушылықтар үшін санкцияларды заңнамалық тұрғыдан реттеуді тапсырды. Әзірше жағдайды жақсартудың бір жолы министрлік әзірлеген  «Қолжетімді интерне» пилоттық жобасы. Жобаны іске асыру 2023-2027 жылға жоспарланған. Жобаға  1 114 726 105 000 теңге бөлу жоспарланды. Оның 531 988 432 000 теңгесі республикалық бюджеттен, 582 737 673 000 теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен алынады. Жоспарға қала және ауылда кемінде 100 мб/с жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету – 100%, сымсыз инфрақұрылымды дамыту, республикалық маңызы бар қалаларда 5G-мен қамту – 75%, талшықты-оптикалық желілерді жеткізу, ауылға дейінгі байланыс желілері – 90%-ға жеткізу енгізілген.  Мұның бәрі 2027 жылға дейін орындалу керек. Жоспарлар жүзеге асса, әлбетте қуаныш. 2020 жылы басталған «250+» бағдарламасы есіңізде ме? 250-ден астам тұрғыны бар 4 137 шалғай ауылдарды сапасы жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуі керек бұл бағдарлама 1500-ден астам ауылға ғана интернет қосты.   Трафиктің өсуі. Ең өкініштісі, біздің жағдайда интернеттің бар болуының өзі, оның сапалы екенін білдірмейді. Мысалы, біз енді 3G орнатып жүргенде, Ookla халықаралық агенттігінің Speedtest Global Index жаһандық рейтингінде мобильді интернет жылдамдығы бойынша үздік үштіктің бірі Норвегия бас тартып жатты. Ал Қазақстан бұл рейтингте 2023 жылғы қаңтардағы есеп бойынша 138-ден 91-ші орында тұр. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша интернеттің әлсіздігіне тұрғындардың да кінәсі бар. Қазақстанда базалық станциялардың бестен бір бөлігі тұрғындардың радиофобиясына байланысты бөлшектеледі екен. Мысалы, Beeline операторы 2022 жылы бүкіл ел бойынша 340 станцияны бөлшектеуге мәжбүр болды. Бірақ осы себептерден басқа да маңызды себеп бар – нақты бәсекелестіктің болмауы. Ұялы байланыс және интернет қызметтерін ұсынатын үш оператордың («Мобайл Телеком-Сервис» және «Кселл») екеуі іс жүзінде бір ойыншыға – «Қазақтелеком»АҚ-ға тиесілі екені жасырын емес. Сөздің тура мағынасында оның жалғыз бәсекелесі – «Кар-Тел» ЖШС (Beeline). Мұның себебін ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де көріп отыр. Желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен агенттіктің 2022 жылғы қорытындысын шығаратын баспасөз конференциясында Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов ҚР-дағы телекоммуникация нарығын дуополистік деп атады. Нарықтың екі субъектісі бар: 62% үлесі бар «Қазақтелеком» АҚ және 38% үлесі бар «Кар-Тел» ЖШС компаниялар тобы. Агенттік өкілдері қалыптасқан жағдайдан шығудың жолын мемлекеттің қатысуымен ұялы операторларды іске асыру жөнінде шаралар қабылдау деген тұжырым айтты. Бұл мәселеге сарапшы Әлібек Байсейіт «Еліміз трафиктің басым бөлігін көрші Ресейден алады. Мәселен, IT маман ретінде үлкен жобалар мен жұмыс істегенде ресейлік серверлерге қосыламын. Жалға алу есебінде әр ай сайын ақы төлеймін. Санкциялардан кейін маған хабарлама келді. Серверлерге қосылу құны 1,5 есеге өсті. Интернет сапасы да аздап төмендеді. Елімізде ресейлік серверлер арқылы жұмыс істейтін жобалар өте көп. Оларға да қиын соғады. Мұның бәрі айналып келіп ел экономикасына әсер етеді», – дейді. АЛ, ЦДИАӨМ вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша елімізде 26 млн-ға жуық абонент мобильді интернетті пайдаланады. Өңірлік бөліністе ең көп шағым күрделі географиялық рельефі бар өңірлерден түседі. «Бұған Қарағанды, Ақтөбе, Ұлытау және Түркістан облыстары, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының бір бөлігі жатады. Мұндай аймаққа операторларға интернетті қолданыстағы технологиялар бойынша жүргізу қиын,  мұнда спутниктер қажет. Әрине, бұл жерлерде интернеттің сапасы әлсіз екенін бірден мойындауымыз керек. Бүгінгі таңда мұндай орындар мыңнан асады. Біз жағдайды геостационарлық емес спутниктік технологиялардың көмегімен түзетеміз деп жоспарлап отырмыз. НГСО трафигінің сапасы өте жақсы және 200-ден аз адам тұратын елді мекендер үшін бұл көлем жақсы трафик үшін жеткілікті болады»,  – деді ол. Қазақстан арқылы Еуропа мен Шығыс Азияны байланыстыруға мүмкіндік беретін «Каспий ТОБЖ» және «Батыс-Шығыс» гипермагистралі жобалары шеңберінде трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдар салу бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылысты уақтылы аяқтау және ілеспе деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу трансшекаралық магистральдардың ресурстарын жинақтау сәтті өтсе, мәселе шешімін таппақ.  

Елігімай ТӨНКЕР

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *