Экономикадағы мемлекеттің үлесі үрей тудырмай ма?

Экономика
view 679
news

   Экономикадағы мемлекеттің үлесі азаймай, экономиканың дамымайтынын білеміз. Президент экономикадағы мемлекет үлесін төмендету керек деген мәселені жиі көтереді. Сонда да бұл мәселе шешілер емес. Қазақстанның бар байлығы 162 адамның қолында болса, экономикамыз қалайша көшін өрге сүремек? Бірнеше мемлекеттік жетекші компаниялар елдің экономикасының даму сатысын жүйелі түрде уыстарында ұстап отыр. Мысалы,  жақында «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ Холдингінің кезекті бір жаңа стратегиясының тұсаукесері өтті.  Сол тұсаукесерде жетекщі компаниялар қазақстандық консалтингтік компаниялардың бірінің қолдауымен зерттеу жүргізіп, экономиканы өсіру үшін 15 бағыт белгіледі. Осы тұста сіз бен біздің көкейімізде бір ғана сұрақ туындайды: неге мемлекеттік компания мұның бәрімен айналысуы керек? Дәл таптыңыз, бұл сұрақтың әдеттегідей жауабы жоқ. Экономикада небір күрделі синдромдар бар. Қазақстан соның ішіндегі «ресурстық қарғыс» синдромына ұшыраған. Егер  бір мемлекетте пайдалы қазбалар қоры көп болатын болса, көбірек диктатура, авторитарлық режим орнайды. Неге? Өйткені, мемлекет енді қалыптасып бастаған, мемлекеттік институттар толыққанды жүзеге аспаған кезде билік пен ақша бір адамның, топтың қолында болады. Ол кезде осы адамдар пайдалы қазбаларды максималды тұрғыда пайдаланып қалуға тырысады. Осы тізбектің ретімен олар тек қана ресурты алады. Ал, бұл әрекет Голландық ауруға алып келеді. Голландық ауруға шалдыққан мемлекет басқа салаға көңіл аудармайды. Мысалы, біз сияқты тек қана мұнаймен күн көреміз деп ойлайды. Ал уақыттың шеңберімен қарасақ, ондай мемлекеттің экономикасы құрдымға кетеді. Естеріңізге сала кетейін,  Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы жолдау мен сөз сөйлеулерінде бірнеше рет айтқан. Мысалы, 2022 жылдың қыркүйегінде «Ақорда» резиденциясында еліміздің бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесуде «Қазақстан халқына Жолдауымда экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты  – бүкіл еліміздің әл-ауқатын сапалы және инклюзивті түрде жақсарту ісі өзгермейтінін ерекше атап өттім. Бұл мақсатқа еркін әрі тиімді нарықтық экономика  құру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Мемлекеттің экономикадағы жетекші рөлі, әсіресе мемлекеттің бизнес ісіне араласуы келмеске кетеді және солай болуға тиіс», – деп тапсырма берген. Президент осыған дейін, 2021 жылы 29 қаңтарда өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында  бәсекелес ортаға 5 трлн теңге беру туралы айтқан. Бұл – мемлекеттің экономикадағы қатысуын 2025 жылға қарай 14% - ға дейін қысқартуға мүмкіндік беру керек еді. Қағаз жүзінде ҚР-дағы мемлекет тікелей қатысатын компаниялардың саны барлық тіркелген компаниялардың жалпы санының 10% құрайды. Бірақ, барлық ірі компаниялардың шамамен 50% - ы мемлекеттің қатысуымен немесе бақылауымен жүреді. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қоры активтерінің өзі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 40%-ын құрайды. Ең қызығы, қордың бір секундтағы кірісі 11,7 трлн теңгені құраса, Қазақстан Республикасының жылдық бюджеті 18 трлн теңгені құрайды. Бұл 2021 жылғы есеп. Мемлекеттің экономикадағы әсерін азайту тапсырмасы да осы жылы нақты берліген. Абсурд. 2021 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі  82,2 трлн теңге болды. Ал, «Самұрық-Қазына» қорының активтері осы ішкі өнімнің 36,8% құраған болатын. Енді оған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» мен министрлік,  әкімдіктерге бағынышты компанияларды қосыңыз. Бұл қарқынмен экономикадағы мемлекеттің үлесін қалай 14%-ға дейін түсіреміз? Ол үшін  «Самұрық-Қазына» қорын үш есеге азайтып, «Бәйтерек» холдингін толығымен жекешелендіру керек немесе елдің ЖІӨ-сін осы жылдар ішінде 2,5 есеге ұлғайту қажет. Жалпы алғанда, өсім мемлекеттік сектор мен компанияларға тиесілі болмауы тиіс. Бұл туралы қаржыгер Жалғасбек Ақболат «Мемлекеттің экономикада болуы деген сөз – ұлттық компаниялардың нарықта болуы. Ондай жағдайда мемлекетте монополия деген түсінік қалыптасады. Монополия дегеніміз бір ғана сатушы. Ал, бір ғана сатушының болуы экономиканың дамуына, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне, инфлияцияға тікелей кері әсерін тигізеді», – дейді. Ұлттық компаниялардың директорлар кеңестерінде орталық мемлекеттік органдар өкілдері бар. Мысалы, ҰӘҚ ДК құрамында Премьер-министр Әлихан Смайылов, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бар. Ал, «Бәйтерек «ҰБХ» директорлар кеңесінде ДК төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев сынды тұлғалар бар. Осы деректердің өзі мемлекеттің экономикадағы әсерінің қандай деңгейде екенін көрсетіп береді. Мәселе маңдайымыздан шертіп тұрғанын көрдік. Шешімін қалай табамыз деген сұраққа сарапшы маман Жалғасбек Ақболат «Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту үшін мемлекеттік институттар мен заң дұрыс жұмыс жасау керек. Негізі, төтесінен айтар болсақ, экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтын мемлекет басшысы. Мәселеге кешенді түрде қарайықшы. Экономикада мемлекеттің үлесі болғанын толыққанды жақсы немесе жаман деп айта алмаймыз. Қай кезде экономикада мемлекет болу керек? Бұл мәселедегі ең негізгі фактор – мемлекеттік институттардың дұрыс қалыптасуы, меритократияның орнауы, әділеттіліктің болуы, заңның жүйелілігі. Егер де осы алғашқы іргетас дұрыс қаланған болса, екінші фазаға ауысамыз. Ол – мемлекет экономикаға араласу керек пе, араласпау керек пе? Егер іргетасы сапалы қаланған болса, қиын-қыстау кезеңдерде мемлекет экономикаға араласуына болады. Ал тұрақты кезеңде араласқаны дұрыс емес. Бейбіт, тұрақты заманда мемлекет экономикадан алшақтау керек. Қазақстанның жағдайында, мемлекеттің экономикаға араласуы – зиян. Неге дейтін болсақ, мемлекеттің басында өте көп «адамдар» бар. Бюрократия деңгейі де жоғары. Жалпы, бір істің алға жылжуы өте ұзақ процесске айналады», – деген тұшымды жауап берді. Экономиканың ең негізгі қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Сарапшы әділетті экономика болу үшін, экономика кемелдену үшін бізде «жетілген бәсекелестік» деген ұғым болуы керетігін алға тартты. Яғни, мемлекеттің ішінде бір-біріне қатты әсер ете алмайтын  шағын және орта бизнестің көп болу қажет. Осындай жағдайда ғана экономиканың тасы өрге домалап, керегесі кеңейеді. «Ұлыбритания, АҚШ сынды дамыған мемлекеттердің экономикасын 50-60%-ын шағын және орта бизнес құрайды. Бұл не үшін маңызды деген сұрақты мемлекеттің экономикаға араласуымен байланыстырайын. Бизнестің өзінің фазалары болады. Бірінші фаза – бизнестің енді тәй-тәй басуы. Екінші фаза – дамып, қалыптасуы. Үшінші – өте үлкен жоғарғы масштабқа шығуы. Үлкен компания, холдингке айнала бастаған кезде, көп тұтынушы қажет болады. Ал бұл сұранысты өз күшімен қарапайым халықтан алу қиын болғандықтан, мемлекетпен байланыса бастайды. Классикалық үлгіге сүйенсек, компанияның мемлекетпен байланысқа шығуы жемқорлыққа алып келеді. Осы ретте мемлекет басшылары қоғам үшін емес, корпорациялардың мүддесі үшін жұмыс істеп кетеді», – дейді Жалғасбек. Пандемия кезінде кәсіпкерлікті құтқару үшін 1 трлн теңге бөлінді. Сол қаржының негізгі бөліктері қайда кетті? Air Astana,  Mega сынды үлкен кәсіптерге кетті. 2020 жылы біздегі шағын және орта бизнестің саны 1 млн 500 мың еді. 2 айдың ішінде 300 мың кәсіп жабылып қалды. Осы бір қарапайым мысалдан мемлекеттің экономикаға араласуы жақсы нәтиже бермейтінін, олигархтардың мүддесін қорғап кететініне көз жеткіземіз. Мұндай мысалдар мыңнан асып жатыр. Кез келген экономикаға бостандық керек. Нарық тауар мен қызмет көрсетуді өндіруде, сатуда жолдың ашықтығын талап етеді. Қаржы секторының еркіндігі, Фискалдық тұрақтылық, нарық жүйесіне ену, сауда еркіндігі, кәсіпкерлік еркіндік – маңызды. «Экономикалық бостандық болмай, өзге бостандық та болмайды» дейді Маргарет Тэтчер. Енді, ар жағын өзіңіз ойлана беріңіз.

Елігімай ТӨНКЕР 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *