Жол сапасы реттеліп жатыр
Экономика
287
Сапалы жол – қала экономикасының тірегі. Қосшы қала атағын алғалы бері біраз мәселелер шешімін тапты. Соның ішінде «жол мәселесінің» ию-қиюы реттеліп, бірізділікке түсіп келеді.
Қазіргі уақытта Қосшы қаласының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 185 км, қиыршық тас-қиыршық тас жабыны – 32,2 км, топырақ жабыны – 57,1 км, асфальт жабыны – 95,7 км. Сапалы жол салу – бір әңгіме, оны сақтап қалу – бір әңгіме. Осы бағытта қала әкімдігі біршама жұмыстар атқарып жатыр. Жол құрылысын үнемі тексеріп, бақылап отырады. Қосшы қаласы мәслихатының жол мәселесі бойынша тексеру комиссиясының мүшелері, мәслихат депутаттары Нұрдәулет Қасенов пен Мақсат Тәшенов қала көшелеріндегі салынып жатқан жол құрылысы жұмыстарын тексерді.
«АБК-Автодор НС» ЖШС қазіргі уақытта Қосшыдағы Ақжайық (1047,9 м), Ә. Молдағұлова (284,9 м), Ж. Жабаев (886,5 м) және И. Тайманов (848 м) көшелеріндегі жолдарды салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмысты жүргізу 2023 жылдың соңғы тоқсанына дейінгі мерзімге жоспарланған. Бірақ, мердігер мекеме өкілінің айтуынша жол құрылысы уақытынан бұрын, яғни тамыз айында асфальттау жұмыстары аяқталмақ.
Жалпы Ақмола облысында құрылыс-монтаж жұмыстары бірнеше бағдарлама бойынша жоспарланған. Мысалы, «Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспары» бағдарламасы бойынша 21 елді мекенде шамамен 170 км, «Астана қаласының шетіндегі Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту» жобасы бойынша 6 елді мекенде 40 км, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 120 елді мекенде шамамен 370 км жөндеу жоспарланған.
Айта кету керек, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде техникалық және авторлық қадағалауды, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын бақылау міндетті түрде қадағалану керек. Сондай-ақ жол активтерінің сапасының ұлттық орталығы мен мердігер ұйымдардың зертханалары бақылауды жүзеге асыру да маңызды. Биыл облыс әкімдігі жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен 220 млн теңгеден астам сомаға шарт жасасуды жоспарлап отыр деген жақсы жаңалық бар.
Осы жұмыстардың арасында Қосшы қаласы біршама нәтижеге жетті. Дегенмен, жол мәселесін де әлі де көптеген тер төгіліп, халық игілігі үшін жұмыс істелуі керек. Жолдың сапасын жөндеу – халық тіршілігі үшін маңызды екенін ұмытпаған абзал.
Пікірлер (0)