Қосшыда үш бірдей мекеме ресми ашылды

Қосшы жаңалықтары
view 301
news

14 шілде күні Қосшы қаласының орталық кітапханасы, Жастар ресурстық орталығы  және Тілдерді оқыту орталығы ресми ашылды. Салтанатты шараға Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов, қалалық маслихаттың хатшысы Болатбек Ибраев және ақын Олжас Қасым, архивист, ақын Ахат Расул бастаған зиялы қауым өкілдері және бірқатар ардагер ақсақалдар мен оқырман жастар қатысты. Сонымен қатар, қала әкімі Гайдар ­Қасенов қалалық кітапхана, Жастар ресурстық орталығы және Тілдерді оқыту орталығының жұмыстарымен танысты, сондай-ақ әкім болашақта қалалық кітапхананың жаңа ғимараты салынатынын жеткізді.  араға қатысқан ақын-жазушылар оқырмандарға өз қолтаңбасымен кітаптар табыстады. Салтанатты жиынға Қосшы қаласы Ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Атамұра» ансамблі қатысып, әннен шашу шашты. Сонымен қатар, қосшылық қаламгер  Жұмашәріп Шаһадатұлы да жұмысын жандандырып жатқан ұжым қызметкерлеріне ақжолтай тілегін жеткізіп, өзінің кітаптарын сыйға тартты. Руханият ошағының жетекшісі Дәметкен Мұхамедиярқызының айтуынша, қазіргі таңда кітапхана қорында 7 мыңға жуық кітап бар. Алайда, балаларға арналған әбеди оқулықтар жеткіліксіз.  Болашақта кітап қорын молайтуға әлі де көптеген жұмыстар атқарыла бермек. Өткен аптада Қосшы қаласындағы «Іскер әйелдер кеңесі» бастамасымен «Кітап сыйлап, кітапханамен таныс»  атты арнайы акция жарияланған болатын. Аталған акция аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасынан 100 дана кітап  берілмек. Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы елорда қаламгерлерінің кітаптарынан 150 кітап сыйға берді. Сонымен қатар, шараға қатысқан ақын-жазушылар оқырмандарға қолтаңбасымен кітаптар табыстады. Одан бөлек, игі шараға келген басқа да қатысушылар кітапхана қорына кітаптар тарту етті. Бүгінде Қосшы қаласындағы Тілдерді оқыту орталығының да жұмысы жанданып келеді. Орталықта қазірдің өзінде жетпіске тарта тұрғындар қазақ және ағылшын тілдерінен тегін дәрістер алады. Ал жұмысын жарты жыл бұрын ғана бастаған қалалық Жастар ресурстық орталығы да  Қосшыдағы белсенді жастарымен бірлесе жұмыс істеп, 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға әлеуметтік-саяси, қоғамдық тұрғыда қолдау көрсетіп келеді. Осыған орай, қала әкімі Гайдар Қасенов Қосшы қаласының қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысқан жастарды алғысхаттармен марапаттады. Еске сала кетсек, салтанатты ашылу рәсімі өткен бұл үш мекеме Қосшы қала мәртебесін алған күннен бастап, жаңадан құрылған болатын. Аталған мемлекеттік мекемелер жыл басынан бері өз жұмысын ауқымды түрде атқарып келеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *