Қосшылық кәсіпкерлердің өніміне сұраныс күшті
Редакция таңдауы
272
Көкшетауда облыс әкімдігінің қолдауымен Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары» дәстүрлі көрме-конкурсы өтті. Аталмыш іс-шара арқылы қосшылық тауар өндірушілер өздеріне даму бағытында жаңа мүмкіндіктер ашып, бәсекеге қабілеттілікті жетілдіре түседі.
«Тәуелсіздік» алаңындағы шатырлы қалашықта тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы кәсіпорындарының өнімдері және тағы басқалары ұсынылды. Қосшы қаласынан темірбетон бұйымдарын өндіру «Сапа Су» ЖШС, кондитерлік бұйымдарды өндіретін «Anara Eco Sweets» ЖК, ұлттық киім тігетін «Жанаим» ЖК, ұлттық аспаптарды шығаратын «Әлихан»ЖК қатысты.
«Сапа Су» ЖШС зауыты осыдан 10 жыл бұрын ҚР индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бағдарламасы бойынша салынды және жаңа заманауи неміс жабдығында арнайы әдіспен шығарылатын жоғары сапалы темірбетон, қысымсыз құбырлардың отандық өндірушісі болып табылады.
– «Темірбетонды қысымсыз құбырлар құрылыста, жол құрылысында, кәрізде, дренажда, энергиямен жабдықтауда, телекоммуникацияда, ағынды суларды тазартуда және жаңбыр суын кәдеге жаратуда кеңінен қолданылады. Темірбетон бұ-
йымдарының қысымсыз құбырлар рөліндегі орташа қызмет ету мерзімі шамамен 100 жылды құрайды. Кәсіпорында 102 адам еңбек етеді. Шымкент қаласында филиалы бар. 2020 жылы «Сапа Су» ЖШС футеровкасы бар құбырлар шығара бастады. 2021 жылы «Іскер»сыйлығына ие болды. 2022 жылы «ҚР Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» сыйлығын алды», – дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қосшы қалалық филиалының директоры Қуаныш Нұртазин.
«Anara Eco Sweets» ЖК басшысы Анара Ибраева көрме-конкурсқа алғаш рет қатысты. Ол аграрлық университетті бітіргеннен кейін 2015 жылы экологиялық таза, диеталық өнімдерді, тәттілерді, кремсіз бояғыштарды өндірумен айналысуға шешім қабылдады. Осы мақсатта Анара Германияда арнайы тағылымдамадан өтіп, алған білімі мен тәжірибесін туған жеріне енгізуге бел буды.
– «Кәсібімді одан әрі дамытып, халыққа кеңінен таныстыру үшін байқауға қатысып, өнімдерімді көрмеде ұсындым. Бұл жұмыс жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерлер үшін қолдау деп есептеймін. Аймақтың әр түкпірінен келген кәсіпкерлердің байқауға мұқият дайындалғаны байқалды», – дейді Анара Ибраева.
Соңғы жылдары елімізде әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі артты. Өткен жылдың күзінде өз бизнесін ашуға шешім қабылдаған Самал Нұркенова Қосшы қаласына 4 жыл бұрын көшіп келген-ді. Ол кеңсе қызметкері, компанияның HR менеджері болып жұмыс істеді. Кейін Түркия өндірісінің киімін сатудан бастап, біртіндеп ұлттық киім өндірісіне көшті.
– «Қазіргі уақытта өндірілетін өнім желісі төсек-орын, дастарқан, алжапқыш және тағы басқалармен толықтырылды. Бизнесте анам мен жолдасым да жұмыс істейді. «Ауыл аманаты» жастар бағдарламасы бойынша конкурстық іріктеуден өтіп, бизнесті дамытуға жылдық 2,5% жеңілдікпен қарыз алып, кеңейтуге қажетті жабдықты сатып алдым. Жоба шарттары өте тиімді, себебі пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Бұл қандай да бір өндірісті дамыту үшін үлкен мүмкіндік», – дейді «Жанаим» ЖК басшысы Самал Нұркенова.
Айта кету керек, мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі. Қысқа уақыт ішінде тиімділіктерін дәлелдеп отыр десек, артық айтқанымыз емес. Қосшы қаласының тұрғыны Нұржан Ділманов мемлекеттің қолдауына ие болып, әуесқойлығын кәсібилікке айналдырды.
– «Қызылорда облысы Шиелі ауылында көпбалалы отбасында өстім. Әкеме музыкалық аспаптар, домбыра, жетіген жасауға ерте көмек көрсете бастадым. Шеберліктің құпиялары ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Қосшыға отбасыммен 2017 жылы келіп, шағын цех ашып, қолөнерімді жалғастырдым. 2021 жылғы қарашада кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылға арналған ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес – идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру бағдарламасы бойынша бес миллион теңге көлемінде грант алдым. Бизнесті кеңейту үшін қажетті станок пен басқа да өндірістік жабдықтарды сатып алдым. Ол үш жұмысшыны қабылдадым, осылайша, өнімнің ассортименті мен санын көбейттім», – дейді жергілкті кәсіпкер Ділманов Нұржан.
Талантты шебер өндірісті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін кең цех салынып жатқан жер учаскесі сатып алынды. Күзге дейін құрылыс аяқталады және жаңа ғимаратқа көшеді деп күтілуде.
Конкурс қорытындысы бойынша «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Әлихан» ЖК ұлттық аспаптарын жасау кәсіпорны – Ділманов Нұржан жеңімпаз атанды. Көрмеге қатысу үлкен жарнамалық компания бола отырып, үлкен перспективалар береді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қосшы қалалық филиалының директоры Қуаныш Нұртазиннің айтуынша, осылайша, кәсіпорындардың өнімдері мен қызметтері танымал бола бастайды, бұл болашақта сатылымның өсуіне және жасалған шарттар санына әкеледі.
Өңірлік байқаудың жеңімпаздары осы жылдың соңында елордада өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысады.
Жанар АХМЕТОВА
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)