Сәбиді емізгенде нені білу керек?
Редакция таңдауы
467
Жыл сайын бүкіл әлемде ана сүтін еметін балалардың денсаулықтарын нығайту үшін, емшек емізуді насихаттауға бағытталған Дүниежүзілік бала емізу апталығы өткізіледі. Қосшы қаласының №1 емханасының дәрігерлері де бала емізудің артықшылығы мен маңыздылығы жайлы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аналар қауымын барынша ақпараттандырды.
Қалалық емханада емшекпен емізуді қолдаудың дүниежүзілік апталығы аясында дәрігерлер мен медбикелер бекітілген іс-шаралар жоспары аясындажүкті әйелдерге, жас аналарға дәріс өткізді. Оған қоса, олар бекітілген учаскелердегі жас аналардың үйіне барып, емшекпен емізудің маңыздылығын, емізу техникасын қалай сақтауын, емшек сүтінің артықшылығы жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.
Ақ халатты жандардың айтуынша, алғаш рет ана атанған жас келіншектер емізу кезінде қиыншылықтарға тап болады. Малика Қуанғанова тұңғышын дүниеге 2 ай бұрын әкелген екен. Перзентін құшағына алған нәзікжанды жас ана бірден өзі емізгісі келгенімен, біраз уақыт қиналғанын айтады. Баласы сүт іздеп, үнемі жылағандықтан, шыдай алмай жасанды қоспа бере бастапты.
– «Ана болу әйел үшін бақыт, мұны сөзбен жеткізу оңай емес. Ал сәбиді ана сүтімен қоректендіру – табиғаттың әйел адамға берген сыйы деп білемін. «Омыраумен емізгенде ерекше ана мен бала арасында ерекше жақындық пайда болады» дегенді естідім. Иә, оған қоса, ана сүтін ешбір қоспа алмастыра алмайды. Сүтім әлі де бар. Дұрыс емізу тәсілін білмей, омырауға дұрыс салмаппын. Ембеді. Десек те дәрігерлер ана сүтіне көшу әлі де кеш емес дейді», – деген тәжірибесімен Малика Қуанғанова бөлісті.
Малика сияқты жас аналармен психологтар да жұмыс істейді. Себебі «сүтім шықпай қалды» деп уайымға салынатын аналарға байбаламға жол бермеген дұрыс. Мамандардың сөзіне сүйенсек, омырау сүтінің жеткіліксіз болуына ананың стрессті жағдайда жүруі немесе шаршағаны да себеп болуы мүмкін. Емханадағы психологтар аналар қауымына ғана емес, көмекке мұқтаж өзге де адамдарға қол ұшын береді.
– «Егер сіз көңілді жүрсеңіз, ешнәрсеге уайымыңыз жоқ болса, сүтіңіз көп келеді. Әр нәрсеге, әркімнің сөзіне мән беріп, дипрессияға ұшырай берсеңіз, сүтіңіз болмайды, балаңыз да емгісі келмейді. Өйткені ол негативті сезінеді. Бала бір жасқа толғанға дейін сіздің психоэмоциаоналды жағдайыңыз қатты әсер етеді. Түскі уақытта бір сағаттай демалып алғаныңыз дұрыс», – деген кеңесімен №1 емхана психологы Әсем Әділбекова бөлісті.
Баласын емізетін әйел адам дұрыс тамақтанбаса, емізу техникасын білмесе, оның омырау сүті азаяды. Емізу тек тамақтану ғана емес, ол дүние есігін ашқан баланың өмір бойы өсіп-өнуіне әсер етеді. Сол себепті дұрыс емізудің негізгі қағидаларын, ережелерін білген жөн. Мысалы, егер балаңыз емшек ұшы мен ареоланы аузына толық ала алмаса, анаға ыңғайсыз болады, тіпті ауырсынуды сезінуі мүмкін. Қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Татьяна Бишораева атап өткендей, баланың беті анасының денесіне бұрылып, басы, иығы мен жамбасы бір сызықта болуы керек.
– «Егер емізу техникасы дұрыс болмаса, сүт азаяды. Тек ана сүтімен алты айға дейін емізеді, ал кейін қосымша тамақтар беріледі. Бала екі жасқа келгенде суалтуға болады. Ана сүтінің пайдасы көп. Ешқандай жасанды тамақтандыру оны алмастыра алмайды. Біздің дәрігерлеріміз жас аналарға көмектесуге, кеңес беруге дайын. Олар табиғи сүттің азаю себебін анықтау үшін тамақтану, ұйқы режимін реттейді, қажетті шараларды қолданады. Ананың жауапкершілігі де, қиындығы да көп. Түн ұйқысын төрт бөлетін жас келіншектерге күйеулері, отбасы мүшелері көмектессе, бала да мазасызданбайды. Әйел уайымдап, көңіл күйсіз жүрсе немесе бөлмеде қапырық болса, ол нәрестеге де тікелей әсер етеді, содан да жылауы мүмкін», – дейді Татьяна Бишораева.
Жасанды тамақтанған балалар дұрыс қорытылуы үшін үш сағат сайын үзіліс жасайды. Ал ана сүтінің ерекшелігі – сәбиді сұранысы бойынша тамақтандыруға болады. Яғни анаға баласы қанша рет сұраса, сонша рет омыраумен тамақтандыруға рұқсат етіледі. Ана сүтімен емізудің артықшылықтары көп. «Баланы – жастан...» деген сөз бар. Баланы әуелде неге үйретсең, соны істейді. Емізу техникасын білмесеңіз, сұрақтарыңыз болса, дәрігермен ақылдасқаныңыз дұрыс болады.
Жанар АХМЕТОВА
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)