Ұлттық аспаптар мұражайы ашылды
Редакция таңдауы
509
Қосшы қаласының Мәдениет үйінде Көне музыкалық аспаптар мұражайы ашылды. Маңызды шараның ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Гайдар Қасенов «Бүгін ерекше күн. Қаламыз мәдени тұрғыда дамуға тағы да үлкен мүмкіндік алды. Ұрпақтар сабақтастығы үшін атадан қалған мұраның маңызы зор. Көне музыкалық аспаптар мұражайы құтты болсын! Игілігімізге қызмет етсін!» деп ізгі тілегін білдірді.
Түркі халықтарының және қазақтың ұлттық аспаптарының басын қосып, жинақтаушы мультинструменталист, танымал музыкант, Мәдениет үйінің белді қызметкері – Азамат Бақия. Он саусағынан өнер тамған музыкант тек аспапта ойнап ғана қоймай, оны өз қолымен жасай да алатын шебер. Алпыстан астам аспапта еркін ойнай алатын Азамат Бақия бұл күні келушілердің таңдайын қақтырып, таңғалатындай өнерімен де, ұсталығымен де ұмытылмас рухани қуаныш сыйлады. «Бүгінгі кештен ғажап әсер алдым. Жүз рет ақпарат құралдарынан естігенше, бір рет тірі музыкантты да, аспапты да көрудегі әсер бөлек. Мұндай шаралар рухани тұрғыда өте маңызды. Муражайдың ісі жанданып, дами берсін. Арамаздан ұлттық тұрғыда даму жолында еңбек етіп жатқан азаматтардың бары қуантады», дейді қала қонағы Сиязбек Ершіманұлы.
Ұлттық аспаптарды зерттеп, зерделеп, оны жасауға құмартқан Азамат Бақияның көнені жаңғыртып, барды қалпына келтіріп, көптің көзайымы етуге бағытталған еңбегі ұшан-теңіз. Өнертанушы Ардаби Мәулетұлы «Мәдени, әдеби, танымдық кештен әдемі әсермен қайтып барамыз. Бүгінгі мұражайдың қорындағы аспаптар көп жерде жоқ деп айтуға борлады. Азаматтың ізденгіштігі, еңбекқорлығы, ұлттық құндылықтарға деген ерекше құрметінің арқасында жас та болса осындай үлкен дүниені жасауға ынтасының зор екендігі байқалады. Бұл таңғалардық дүние. Бұл жігіт тек коллекционер ғана емес, әрі шебер, отбасымен музыкант екен. Бұл сирек жағдай. Танымдық дуниелер қатары арта берсін», деп рухани кештен алған әсерімен бөлісті.
Азаматтың анасы Ләйлә Мұңайтпасқызы ұлының бұл салаға деген қызығушылығының ерте жастан басталғандығын айтады. Қазір, тіпті шетелден арнайылап іздеп келетін, ұлттық аспаптарды көруге ынтасы зор туристердің бар екендігін де ерекше атап өтті. «Алтыншы сыныптан бастап аспаптарға деген құлшынысы байқалды. Сол кездері бірнеше аспапта еркін ойнай алатын бір баламен танысқан екен. Содан музыкалық үйірмеге барғысы келді. Әкесі де аспапқа жақын еді,атасы да шебер болатын. Азамат өнер мектебінде білім алып, үздікке бітірді. Одан кейін колледжде, консерваторияда білім алып, үздік диплом иегері атанды. Домбыра, сыбызғы бөлімінің маманы. Музыкаға, аспаптарға келгенде еш жалықпайды. Мұражайдың көрермені көп болады деген үміттемін», деп ұлының еңбекқорлығын, ұлттық құндылыққа деген махаббатының бөлек екендігін айтып, сәттілік тіледі.
Қосшы қаласының мәдениет үйінде енді тек аспаптар мұражайы ғана емес, сазсырнай үйірмесі де жұмыс істейтін болды. Оның жетекшісі «Өздігінен ізденіп, дамимын, үйренемін дейтін жастар болса мұражайдың есігі ашық. Әр аспаптың өз орны бар. Тетігін тауып, шын қаласаңыз, қолдан келмейтін дүние жоқ. Адамның жасағанын адам игере алады. Өзіңізге ұнайтын дүниені меңгеру маңызды. Шәкірт тәрбиелеуде басты қағидам осы», дейді рухани жаңғыру, ұлттық даму жолында аянбай жұмыс істеп жүрген Азамат Бақия. Ол сонымен қатар алға қойған үлкен жоспарының бірі көшпелі мұражай ісін қолға алу екендігін сөз етті. «Үлкен көлікпен көшпелі мұражай жасау ойда бар. Қолда бар дүниені, жоғалу алдында тұрған, сирек аспаптарды халыққа көрсету негізгі мақсат. Әр аспаптың үнін естісін деп өнерпаз азаматтардың басын қосып осындай шара ұйымдастырғым келеді. Тек қазақтың ұлттық аспаптары болады онда. Бұл өзін ақтай алатын іс-шара болар еді. Сонымен қатар қолда бар 120 аспаптың шығу тарихын жазып, кітап етіп басу да ойда бар», дейді музыкант.
Мұражай ісін ұйымдастырушы Азамат Бақия аптаның бірнеше күнін осындай рухани кеш етіп өткізуді көздейді. Ол келушілер шын ықыласпен аспаптарды көрсем, білсем деп келсе игі деген ойын да жасырмады. Құндылықтың қадірін кетірмей, мазмұнын білуге құмартқан жандардың ықыласы шабыт, қуаныш сыйлайтынын да алға тартты. Жетіген, домбыра ойналып, сыбызғы, сазсырнай, кернейдің сан түрімен таныстырып, аспаппен күй орындап, ән шырқалған кештің әсері бөлек. Тыңдарманның құлақ құрышын қандырған рухани басқосу көптің есінде қалары сөзсін. Мұнда қазақтың қанымен, рухымен келген өнер сақталған.
Шебер қалың көпшіліктің алдында бір минут аралығында сазсырнай жасауға болатындығын көрсетіп, оның үнін естіртті. Көрерменге сұрақ қойып, дұрыс жауап бергеніне жаңа жасалған аспапты сыйға тартты. Қосшы қаласының ардагерлері өнерпазға батасын беріп, өнерінің өрлей түсуіне тілек білдірді. Мұражайдың ашылуына келген көрермен ұлттық тағам қазы-қарта, бауырсақ, құрт-қымыздан дәм татып, қазақы өнерден ләззат алып тарасты. Мәдениет үйінің төрінен орын алған мұражайдың ұлттық құндылықтың қайнар болағына айналарына сенім зор.
Гүлназ БИСЕН
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)