Қосшылықтардың қаржы сауатынан хабары бар ма?

Экономика
view 154
news

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2023 жыл бойынша бір адамға орташа айлық жалақы көлемі – 312 011 теңге болады. Бірақ сонда да көптеген адамдардың айлығы шайлығына жетпейді. Қанша ақша жинаса да несиеден, күйбең тірліктен аспайды. Иә, ақша – биліктің бір түрі. Бірақ қаржы сауаты одан да құдіретті күш екенін ұмытып кететін сияқтымыз.

Қазақстандықтардың орташа айлығы қандай? Экономика салаларының ішінде ең жоғары орташа еңбекақы теңіз жағалауындағы жүк көлігінің қызметкерлерінде – 993 мың теңге, қаржылық қызметтер және сақтандыру саласында – 840,9 мың тг, су көлігі саласында – 810,2 мың тг, бас компаниялар, басқару мәселелері бойынша консульта- ция беру саласында – 778 мың тг, құбыр желісі көлігінің қызметінде – 733 мың тг, сақтандыру саласында – 778 мың тг. Жұмысқа орналастыру саласында жұмыс істейтіндер 686,5 мың, міндетті әлеуметтік сақтандыру 654 мың, әуе көлігі 633,7 мың, меншікті жылжымайтын мүлікті сатып алу және сату 613,5 мың, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу 592,3 мың теңге алады.

Егер өңірлер бойынша деректерді қарайтын болсақ, ең жоғары орташа жалақы Атырау облысында – 506,3 мың, Маңғыстау облысында – 458,7 мың, Астанада – 393,5 мың, Ұлытауда – 383,2 мың, Алматыда – 352,5 мың, Қызылорда облысында – 291,1 мың, Қарағанды облысында – 290,1 мың, ШҚО-да – 282,2 мың теңге. Ал ең төменгі жалақы – СҚО (232,8 мың теңге), Жетісу (241,4 мың тг), Шымкент (248,5 мың тг), Қостанай (248,5 мың тг) және Ақмола (250 мың теңге).

Бақыт ақшада емес, бірақ оған жеткізетін құрал. Ай сайын адамдар «ақша жоқ» деген мәселеге тап болады. Тіршілік төрт бұрышынан қысқанда жанын саудалап жінігіп кетеді. 

Неліктен ақша әрқашан аз және оны қалай ұстау керек? Қанша табатыныңыз маңызды емес, тапқаныңды қалай ұқсататыныңыз маңызды. «Дүние көптікке емес, ептікке тоқтайды» деп қазақ бекер айтпаса керек. Майкл Джексон – саналы өмірінде $1 млрд тапқан адам. Бірақ өмірден $374 млн қарызбен банкрот боп өтті. Қарызға белшесінен батып, несиемен күн көріп жүргендер қаншама. «Неге?» деген сұрақ оқып отырған сіз бен жазып отырған біздің де көкейімізде тұр. Себебі, біздің халыққа қаржы сауаттылығы жетіспейді. Мектепте ондай пән оқытылмайды. Үйде ондай әңгіме айтылмайды. Қарызға белшеден батып жүргендер қаншама?! Халық көбіне қымбат көлік мініп, бренд киімдер киіп, соңғы үлгідегі IPhone ұстайтын, luxury өмір сүретін жандарды нағыз бай деп ойлайды. Бірақ қазып қарасаң, қарызы тапқанынан әлдеқайда көп екенін көресің. Ақшаға қатысты үш-ақ қабілетті дамытуымыз керек: ақша табу қабілеті; оны сақтау қабілеті; оны көбейту (инвестиция) қабілеті.

Британияда Паркинсон заңы бар. Ол заңда «ақшаның артынан сіз қумаңыз, ақша сіздің артыңыздан қусын. Ақшадан биік болыңыз, сонда ғана оны басқара аласыз» дейді. Екінші заңында адамның шығындары оның кірісіне сәйкес өседі делінген. Яғни, адамның ақшасы неғұрлым көп болса, соғұрлым ол көп ақша жұмсайды. Ал АҚШ нейробиологы Самюэль Макклю ақшаға келгенде мида қандай процестер жүретінін зерттеп көріпті. «Мына зат қатты ұнап тұр, қазір ала салсам ба екен? Әлде 2 айдан кейін тіс дәрігеріне баруым керек, ақшаны соған қалдырсам ба?» деп ойланып тұрғаныңызда, мидың екі аймағы іске қосылады. Оның бірі (маңдай тұсында орналасқан) өміріңізде пайда болуы мүмкін қатерді зерделейді және аяқасты жасалатын іс-әрекеттерге жауап береді, ал екіншісі (көз алмасының үстінде тұр) адамның өз-өзін бақылауда ұстауын қадағалайды. Бұл екі жүйе әрдайым тайталаста жүреді. Қазір аламын деген шешім қабылданса, эмоцияға жауап беретін лимб жүйесі қуаныш гормонын, яғни дофамин бөледі. Нәтижесінде, ақша құртқаннан рахаттанып қаласыз. Ал «жоқ, дәрігерге қалдырайын» десеңіз, 2 айдан кейін талдау-сараптау процестерін жүргізетін фронталды жүйесі «мә, сол кезде ақша құртпағаным қандай жақсы болған, қазір, міне, тісімді жасатып алдым» деген жақсы ой тудырады.

          Ел Риза

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *