Жасыл экономика: зиянды CO2 шығарындыларын қалай азайтуға болады

Экономика
view 130
news

2013 жылы Қазақстанда  «Елдің жасыл экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдаманың мақсаттарының бірі – электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2020 жылға қарай кемінде 3 пайызға және 2030 жылға қарай 30 пайызға дейін арттыру. Сондай-ақ, 2023 жылғы 2 ақпанда ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы» бекітілді. Ол жердегі көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің негізгі тәсілдерінің бірі – ЖЭК және баламалы энергия үлесін ұлғайту.

Электр энергиясының едәуір үлесін солтүстік-шығыста және Орталық Қазақстанда өндірілетін арзан көмірдің үлкен көлемін тұтынатын электр станциялары өндіреді. Электр және жылу өндірісі көміртегі шығарындыларының 80 пайызын құрайды. 2030 жылға дейін табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, жаңартылатын энергия технологияларын енгізуге және энергия тиімділігінің жоғары стандарттары негізінде құрылыстар салуға бағдарланған экономиканы қайта құру қажет.

Қазақстандағы жасыл экономика драйверлерінің бірі – ЕҚДБ geff (Green Economy Financing Facility) бағдарламасы. Geff бағдарламасының көмегімен Алматы облысында жел электр станциясын салу және пайдалану бойынша ірі жобалардың бірі  «Нұрлы» ЖШС іске асырылды. Оның жалпы қуаты 8.45 МВт. Құрылыстың жалпы инвестициялық құны 8,7 миллион АҚШ долларын құрайды, оның 4,7 миллионы ЦентрКредит Банкі арқылы қаржыландырылды. Жоба атмосфераға СО2 шығарындыларын жыл сайын 14,297 тоннаға азайтуға мүмкіндік берді.

«Жасыл экономика бұрынғыдан да өзекті және халықаралық қаржы институттары энергияны үнемдейтін технологияларды қолдауға баса назар аударуда. Жасыл қаржыландыру біздің банк үшін стратегиялық дамудың басымдығы.  «ЖЭС Нұрлы» ЖШС жобасын табысты іске асыру – бұл жаңартылатын энергия көздерін дамыту және қоршаған ортаға зиянды заттар шығарындыларын азайту жолындағы әрқайсымыз үшін үлгі», –деп түсіндірді «Банк ЦентрКредит» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Рустам Теңізов.

Осы жылдың 27 наурызында Қазақстанда geff II жасыл экономиканы қаржыландыру бағдарламасы басталды. Еуропалық Қайта Құру және даму банкі (ЕҚДБ) жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес компанияларына несие беру үшін қаржы институттарына 150 миллион доллар береді. Сондай-ақ, қаржыландыру жасыл технологияларды жеткізушілер мен өндірушілерге беріледі.

Қазақстандағы geff бағдарламасы – бұл 188-ден астам жергілікті қаржы мекемелері мен институттарының желісі арқылы 29 елде жұмыс істейтін ЕҚДБ жаһандық бастамасының бөлігі. Бағдарлама энергия тиімді және ресурс үнемдейтін технологиялардың көмегімен тұрғын үй мен бизнесті жаңғыртуға бағытталған. Жасыл технологиялық шешімдерге арналған жабдықтардың толық тізімі жасыл технологиялар Селекторының сайтында жарияланған.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *