Қосшының хал-ахуалы қалай?

Редакция таңдауы
view 352
news

Тұрғындарды қандай проблемалар алаңдатады Үкіметтің, оның ішінде жергілікті атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Бұл мәселемен әр деңгейдегі мемлекеттік органдардың бәрі айналысуы тиіс. Қосшы қаласында бұл жағдай қалай атқарылып жатыр? Әлбетте, әр проблеманың артында объективті және субъективті өз себептері бар. Сондықтан біз осынау түйткілді мәселеге шынайы түрде баға беруге тырыстық. Қосшы облыстық маңыздағы қала мәртебесіне 2021 жылдың шілде айында ие болды. Сол кезде жергілікті тұрғындардың енді өміріміз күрт жақсарады деп шат-шадыман қуанғанын білеміз. Қала мәртебесіне ие болған соң, жергілікті бюджет еселеп артты, бұл, ең бірінші, талай жылдан бері қордаланып келе жатқан проблемаларды шешуге септігін тигізіп жатыр. Алайда қыстан қалған қардың көбесі бірден сөгіле қоймайтыны сияқты, сү- йікті шаһарымыз да көп түйткілден аяқ астынан арыла салмайтыны түсінікті. Бірден айта кетейік, қазіргі күні Қосшы қаласы Ақмола облысында көптеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша үздіктер қатарында. Қаланың кіріс көлемі 2023 жылы 1 132,6 млн теңге болады деп топшыланған (салық түсімдері – 1101,7 млн теңге, салықтық емес түсімдер – 2,4 млн теңге, негізгі капитал сатылымы – 28,5 млн теңге). Бүгінде мұнда 2 755 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, олардың 2 609-ы тұрақты жұмыс істеп тұр. Биыл бірінші тоқсанда қаланың өнеркәсіп өндірісі 2022 жылдың сәйкесінше мерзімімен салыстырғанда 4,1%-ға, 2021 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге ұлғайған. Өнеркәсіптің өркендеуіне өңдеу өндірісінің қарқыны оң ықпал етті. Оның өсімі 4,4%-ға жетіп, жалпы облыс бойынша өнеркәсіп өнімдері көлемінің 0,4% үлесін құрады. Үш айда 1,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға құйылған қаржы 2,7 есеге артып, 11,8 млрд теңгені құрады (облыс бойынша 2-орын). Инвестицияның 90%-ы тұрғын үй құрылысына бағытталды. Ал өңдеу өнеркәсібінің өсімі темірбетон бұйымдарын, жиһаз, пластик құбырлар мен басқа да тауар түрлерін жасап шығару есебінен ұлғайған. Қалада көпқабатты тұрғын үйлердің, әкімшілік ғимараттардың көптеп салынуы құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын арттырды. Бұл көрсеткіш 50 есе өсіп, 2022 жылы жалпы көлемі 45 млн теңгеден 2,2 млрд теңгеге жетті. Есепті кезең ішінде 27 мың шаршы метр тұрғын үй салынды (110,0%-облыс бойынша 3-көрсеткіш). Басқасын былай қойғанда, халық саны өте жедел қарқынмен өскен. Соңғы жарты жылда тек ересек тұрғындар саны ғана 5 мың адамға артып, жалпы саны 18 мыңға жеткен. Бұл есепке бала-шағаның саны кірмейді. Ресми санақ бойынша халық саны 53 мыңға жеткен. Жыл басынан бері тұрғындар саны 274 адамға көбейген. Ақмола облысы бойынша бұл ең жоғарғы көрсеткіш, бізден кейін осы ретпен көші-қонның оң сальдосы Целиноград ауданында +117 адамды, Көкшетау қаласында +112 адамды құрады. Одан бөлек, мұнда тұрғылықты тіркеусіз тұрып жатқан, есепке ілінбегендері қаншама! Ресми емес дерек бойынша, тіпті 100 мыңнан асады деген сыбыс бар. Аталған жайт қала дамуына белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізетіні анық. Қала әкімі Гайдар Қасеновтің айтуынша, қазіргі жағдай 2019-2020 жылдармен салыстырғанда анағұрылым жақсарғанын, ол уақыттарда екі күннің бірінде су мен жарық өшіп, кәріз жүйесі бітеліп қалатынын, көшелер тасқараңғы түнекке тұмшаланып жатқан. Бүгінде бұл жағдай көп түзелген, ел тұрмысы оңалып келеді. Рас, шаһарымыз біртіндеп дамып келеді десек те, әлі де болса шешімін күтіп жатқан күрмеулі мәселелер аз емес. Мәселен, көше-жол желісінің жағдайы, ауызсудың жетіспеушілігі мен оның сапасының төмендігі, шеткі аудандарда су және кәріз торабының жоқтығы, электрмен жабдықтау желісінің жиі істен шығуы, сондай-ақ үлестік құрлыстарға қатысты келеңсіздіктер тұрғындардың жүйкесін жұқартып тұр. Одан бөлек, қала елорда іргесінде тұрғандықтан, мұнда қоныстанушылар көп, олардың қаншасы үй-жайларын заңды-заңсыз салып жатқаны белгісіз. Бұл проблема Қосшы Целиноград ауданына қарасты ауыл болған кезден бері жалғасып келеді. «Мен Қосшы қаласында «Лесная поляна» шағын ауданында тұрамын. Біздің көшелер шұрқ-тесік, суағар арықтар жиі бітеліп қалады, балалар алаңы – жетім қыздың тойына берген жасауындай. Ал қоғамдық көлік туралы не айтуға болады? Астана мен Қосшының арасында 14 «303» автобустар бар. Олардың бәрі маршрутқа шықса, халық жол қатынасынан таршылық көрмейді деп ойлаймын. Бірақ менің ойымша, техникалық жағдайларға байланысты немесе елорда әкімдігі түрлі мәдени шараларға қатыстыру себебінен олардың бәрі бірдей маршрутқа шықпай қалатындықтан, автобус жетіспейді де, халықтың екі ортаға қатынауы қиындайды» дейді Еркебұлан Менджасаров. Қосшы қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлкен Тойынбеков көше-жол желісінің жағдайы нашар екенін растады. Бір жыл бұрын көше жолдарына жөндеу жасалған екен, бірақ оның сапасы сын көтермейді. Сондықтан «Атырау АИС» ЖШС құрылыс компаниясы биыл жыл соңына дейін оның ой-шұңқырын қалпына келтіретін болады. Кепілді мерзімнің өтпеуіне байланысты бұл жұмыстарға әкімдіктен бір тиын да төленбейді. Оның айтуынша, 2022 жылы Қосшыда 20 шақырым жол төселген. Биыл тамыз айының соңына дейін 6 көшеге жалпы құны 1,7 миллиар теңге болатын күрделі жөндеу жасалмақшы. «Былтыр-биыл көктем-күз уақытында әкімдіктің, бюджеттік органдардың қызметкерлері бірталай ағаш-тал екті. Осы игілікті шараға тұрғындар да атсалысты. Соның арқасында қаламыз біршама көркейе түсті. Бірақ бір байқағаным, ағаштар ұдайы суарылмайды», дейді енді бір тұрғын. Тағы бір шағымданушы «Лесная полянада» сатыдан түскенде балалы аналардың арбаларына, мүгедектерге арналған арнайы еңістердің жоқтығын айтады. Сондай-ақ су мен жарықтың да жиі сөндірілетініне наразы. Су қысымы осал болғандықтан кей кездері үйдің төменгі қабаттарына су көтерілгенімен, ол жоғарғы қабаттарға жетпей қалады екен. Әрі оның сапасы нашарлығынан әр 4-5 айда су шүмегін ауыстыруға мәжбүр. Судың құрамында шамадан тыс көп тұз шоғырланғандықтан, ол шүмекті жеп қояды. Оның айтуынша, бұрындары қалалықтар сумен жабдықтауға және су тартуға бір тармақ бойынша ақша төлеп келсе, ендігі күні екеуі екі бөлек төленетін болған: сумен жабдықтау үшін 1 текше метрге – 158,07 тг, су тарту үшін 1 текше метрге – 109, 62 тг. Орташа алғанда бір отбасы үшін ол шамамен ай сайын 5 000 теңге көлемінде шығады. Сондай-ақ қоғамда электрмен жабдықтау мәселесіне де айтылатын сын көп. Әкімдік мұның жағдайын да жақсы біледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Валерий Асамбаевтың айтуынша, Қосшы қаласының электр желісіне екі бөлек АРЭК пен КИПЭСТ жеке компаниясы қызмет көрсетеді. Тұрғындар жекеменшік компания- ның тарифіне наразы. Өйткені ол электр қуатын АРЭК-тен сатып алып, оның үстіне 2 000 теңге қосып, тұтынушыларға сатады. Қазіргі күні әкімдік халықтың қалтасына салмақ болып отырған осы 2 000 теңге үстемені жоюдың және тарифті бұрынғыдан да төмендетудің жолдарын қарастырып жатқан көрінеді. Ол үшін КИПЭСТ-ке қарасты электр торабын беретін жеке компаниямен келіссөз жүргізіліп жатыр екен. Бұл мәселе жөнінде қалалық мәслихаттың депутаты Руслан Айтжанов былай дейді: «Кейінгі кездері судың жиі өшірілуі электр торабына жөндеу жүргізілуімен байланысты. Әрине, жұмыс жоспарын ұдайы дәлме-дәл уақытпен жасаудың сәті келе бермейді, сөйтіп, тұрғындар біршама уақыт сусыз қалатыны рас. Оның үстіне сужинағыш стансада түрлі апаттардың орын алуы мен стансаға дизель-генератордың қосылмауы себебінен жарық жиі сөніп қалады. Алдағы күзде сужинағышты энергия- мен қосымша жабдықтау бойынша жоба жасалады, бұл негізгі желіде апат болған күннің өзінде стансаны қосымша желімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сужинағышты энергиямен жабдықтаудың қосымша желісі тек 2024 жылы салынады. Қазір «ҚосшыСу» ЖШС сияқты тиісінше штаты мен қажетті жабдықтары бар жаңа кәсіпорын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді депутат. Одан бөлек, Еркебұлан Менджасаровтың айтуынша, қоқыс тасымалдау проблемасы да көп жылдар оңтайлы шешілмей келеді. Бұрын қоқыс үшін адам басына 250 теңгеден төлесе, енді оның бағасы екі есеге өсіп, ол 532,66 теңге болған. Сөйте тұра, контейнерлерден қатты тұрмыстық қалдықтар уақытылы тасымалданбайды. Бір қарағанда, контейнерлер барлық үйлердің жанында бар, бірақ ол жеткіліксіз. Сондықтан қоқысқа тез толып кетеді. Қатты тұрмыстық қалдықты тазалаушылардың өздері де: «Біз бір аудандағы қоқысты алып біткенше, о баста тазалап кеткен жәшіктер қайтадан толып қалады», деп қынжылыс білдірді. Оның үстіне қалада тіркеуге тұрмаған тұрғындардың көптігінен шығарылатын қоқыс та көп. Ал енді тіркелмеген адамдардың коммуналдық қызметтер үшін ақы төлемейтіндігі өздігінен түсінікті. Бірақ мердігер компания кез келген үйде қаншама тіркелмегендер өмір сүріп жатқанына қарамастан, бүкіл қаланың қоқысын шығарады. «Біз қалада контейнер алаңдарымен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Былтыр 70 контейнер алаңын орнаттық, сонда әр алаңда екіден санағанда 140 контейнер бар. Бірақ бұл да аздық етеді, ол қажетті көлемнің тек 40%-ын қамтиды. Биыл тағы 31 алаң орнаттық», дейді ТКШ бастығы Валерий Асамбаев. Айта кетейік, Қосшы қаласының әкімдігі 31 контейнер алаңын орнатуға 35 млн теңге қаржы бөлген. Яғни екі қоқыс жәшігі бар әр алаң бюджет үшін 1 млн 129 мың теңгеге түскен. Егер нарықта бір еуроконтейнердің құны 160-200 мың теңге екенін, оған қызмет көрсетушінің жұмысы мен қажетті материалдарды қоссаңыз, шамамен осы баға шығады да. Валерий Асамбаевтың айтуынша, осы мереке күндерінен кейін 20 шағын ауданда тағы 3 контейнер алаңын орнату жоспарланған. Қосшы қаласында айтылып-айтылмай кеткен басқа да түйткілдер аз емес шығар. Бірақ қалай дегенмен де жергілікті атқарушы билік тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін әл-қадірінше өздеріне жүктелген міндеттерін атқарып жатыр. Мүмкін ол біреу- лерге ұнар, біреуге ұнамар. Әрі бұл жұмыстардың қандай қиыншылықтармен жасалып жатқанын, әлдебір жетістіктерге жету үшін қандай күш-жігер жұмсалып отыр- ғанын тұрғындардың да көпшілігі біле бермесі анық. Облыстық және республикалық бюджеттен қала қажеттілігіне керек қаржы бөлінеді, бірақ бәріне бірдей емес және бәріне бір уақытта емес. Сөзімізді қорыта келе айтпағымыз, Қосшының әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар орта мерзімдік болашақта қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп үміттенеміз. Аталған проблемалардан арылу үшін ең алдымен қала бойынша Бекітілген кешенді бағдарламаны жүзеге асыра отырып, бюджетті тиімді жоспарлаудың маңызы зор. Сондай-ақ бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту керек. Егер бюджет түсімдері артса, оның елеулі бөлігін әлеуметтік қолдауға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қажеттіліктерін өтеуге, атап айтқанда, жаңадан су тарту сорғыларын сатып алуға және жөндеуге, сумен жабдықтау қондырғыларын жаңартуға, электр желісі мен көше жарығын жетілдіруге, жол жөндеуге, жаңадан мектеп, балабақша және басқа құрылыстар салуға, сонымен қатар келер жылу беру маусымына дайындалуға жұмсауға мүмкіндік туады. Тұрмыстарыңа береке берсін, қадірменді қауым!

Дәулет АСАУ

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *