Қосшының қос мерейі

Қосшы жаңалықтары
view 77
news

Осы аптада Қосшы қаласының мерейі үстем түсті. Олай дейтініміз, жаңа құрылған жас қаладан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының екі бірдей иегері шықты. Оның біріншісі Қосшы қаласының «Jańa bastau» қоғамдық саяси, әлеуметтік экономикалық газетінің бас редакторы болып біраз қызмет еткен бұрынғы әріптесіміз ақын Файзолла Төлтай әдебиет саласы бойынша «Дарын» мемлекеттің жастар сыйлығының иегері. Ақын қазіргі таңда Түркия елінде білімін жоғарылатып жатыр. «Әуелі елеп-ескеріп құттықтап жатқандарыңызға шын жүрегімнен рақметімді айтамын. Осы бір сыйлықтың дәнегі менікі болғанымен, жемісі Қосшы қаласына тиесілі. Қала әкімдігі және Қосшы қаласы Ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді тамыту бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызының себепкер болуымен бәйгеге қосылған едік. Әйтпесе сыйлық пен марапатты, атақ пен абыройды болмысыма жүк деп білетін адаммын. Нәтижесінде кішігірім еңбегіміз бағаланып, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығына лайық деп танылыппыз. Қуаныштымын. Аз-кем уақыт ішінде Қосшы қаласының «Jańa bastau» әлеуметтік-саяси апталық газетінде бас редакторлық қызметін атқардым. Енді ғана аяғынан тәй-тәйлап тұрып келе жатқан газетке азды-көпті қаламымыздың сиясы тамса, үлкен ұйқылы кіші халықты шексіз сүйетінімнен деп білгейсіздер. Осы аралықта Қосшы қаласының барлық саяси, мәдени, әлеуметтік бағыттағы жаңалықтары мен мәселелерін дер кезінде ашық және бүкпесіз жеткізуге тырыстық және бұл газет ұжымының қолынан келді деп ойлаймын. «Газет күні» журналисттердің барлық мақалаларын Бақытбек Қадыр екеуіміз тексеріп болып, келесі күні «ыстық» газетті қолымызға алғандағы сезімді ешқашан ұмытпаспын. Аз ғана уақыттың ішінде қалалық газет статусында болғанына қарамастан, республикалық газеттермен терезесі тең дәрежеде жұмыс істеді. Бұған сол кезеңдегі һәм қазіргі газеттің тұрақты оқырмандары куә. Уақыт өте келе, Түркия Республикасына докторлығымды жалғастыру үшін «Jańa bastau» газетінен кетуіме тура келді. Десе де, менің санамда қала халқы, атмосферасы, газет ұжымы ерекше орынға ие. Тіпті өзге елге өзіммен бірге газеттің №8 санын да алып кеткенімді айтқым келеді. Барлығы үшін сіздерге және сізге көп-көп рақмет», – дейді ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Файзулла Төлтай. Сонымен қатар, эстрада аталымы бойынша Қосшы Мәдениет үйінің әншісі Құснадин Ақбота Маратқызы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

 Елігімай ТӨНКЕР

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *