«Мақсатымыз балаларды қоғамға бейімдеу»

Редакция таңдауы
view 203
news

«БАТЫР» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ БОЛАТОВА АЙГҮЛ РАҚЫМҚЫЗЫ: Қосшы қаласында дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған «Батыр» оңалту орталығының орны бөлек. Мұнда бүгінгі күні жиырмаға жуық бала мамандармен тығыз байланыста жұмыс істеп, қоғамға бейімделіп жүр. «Батыр» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Рақымқызы «Қаламызда мұндай орталықтың ашылу мақсаты – мүгедектігі бар балалардың қоғамдық, әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру. Сонымен қатар медициналық, психологиялық, кәсіптік және әлеуметтік оңалту іс-шараларын жүргізу арқылы оны әлеуметтік бейімдеу болып табылады», дейді орталықтың негізгі жұмысын нақтылап. «Батыр» қоғамдық бірлестігі 2012 жылы Ақмола облысында құрылған. Ол мүгедек жандардың мүмкіндігінің мол екендігін айқындап, құқығын қорғап, қоғамда тең дәрежеде қызметке қол жеткізуді көздеген еді. Осы бағытта маңызды дейтін жұмыстар бір жолға қойылып, мемлекет пен демеушілердің көмегімен біраз іс атқарылып үлгерді. «Орталықтағы балалар таңғы 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін мамандармен жұмыс істейді. Оның ішінде емдік дене жаттығуларының нұсқаушысы, логопед, дефектолог, психолог бар. Мұнда балалар толыққанды тынығады, тамақтанады. Арнайы көлік «Инватакси» оларды орталыққа әкеліп, кешке үйлеріне жеткізеді. Мемлекет аталған қажеттіліктерді толықтай қамтамасыз етіп отыр», дейді орталық басшысы Айгүл Рақымжанқызы. Бұдан бөлек демеушілердің де көмегі зор. Азық-түлік қоржыны, түрлі мерекелік-мәдени шаралардың ұйымдастырылуы, сыйлықтармен қамтамасыз ету сияқты жұмыстардың орындалуы өңірлік кәсіпкерлердің көмегімен жүргізіліп келеді. Орталықтан тәлім алатын балалар мұнда жеке бас гигиенасын сақтау, өз-өзіне қызмет көрсету, қоғамдық орында өзін ұстай білу, ортамен байланыс жасау сияқты негізгі қажеттіліктерді меңгеріп үйренуде. «Мерекелік атаулы күндер балалардың қуанышын еселей түсетін ерекше сәт. Бұл кезде балалар қоғамнан сиқыр, бөлек мейірім, сыйлық күтеді. Осындай уақытта біздің демеушілеріміз, ерікті кісілер үлкен қолдау жасап, балаларды бір серпілтіп, қуантып тастайды. Оларға айтар алғысымыз шексіз», дейді Айгүл Болатова балаларға жақсылық жасаудан жалықпаған жомарт жандарды ерекше атады. Мерекені асыға күткен балалар бұл күндері Астана қаласындағы цирк, мейрамхана, ойын-сауық орталықтарына барып көңіл көтереді. Балалар үшін түрлі дәмді тағамдармен дастарқан жайылып, концерт қойылады. Сергітетін ойындар өткізіледі. Мұның бәрі тек баланың емес, ата-ананың да ішкі эмоциясының қалыпты дамуына оң әсерін беретін игі шаралар. Мемлекет тарапынан дамуында ерекшелігі бар балалар үшін мықты бағдарламалар жасақталып, қарқынды жұмыс жүргізіліп отыр. Ең маңыздысы бала бойындағы ерекше қабілетті ерте байқап, соған қарай болашақ мамандығын, жасайтын кәсібін анықтау. Қабілетсіз бала болмайды, қабілетін анықтай алмаған орта болуы мүмкін. Мамандармен ерте жұмыс жасаған бала дер кезінде нәтиже көрсетіп, қоғамға ерте бейімделіп, сіңісіп кетуі де мүмкін екендігін алға тартады мамандар.

Гүлназ БИСЕН

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *