Қазіргі қоғамдағы дәстүрден тыс діндарлық мәселе

Редакция таңдауы
view 675
news

Қазіргі әлемдегі діннің орны мен рөлін дәстүрлі емес діндарлықтың барлық түрлерін ескерусіз терең түсіну мүмкін емес. Себебі, дәстүрлі емес діндарлық феномені – қазіргі рухани өмірге тән құбылыстардың бірі. Оның мәні – әдеттегі, дәстүрлі діндермен байланысты емес діни құндылықтардың таралуы арқылы жүзеге асады. Әдетте бұл үрдістің ауқымы өте кең. Дәстүрлі емес діндарлықтың сипаттамасы ғылым саласында әр түрлі жолмен белгіленуі кездейсоқ емес: «конфессиядан тыс діндарлық», «зайырлы гуманизм», «эзотерикалық мәдениет», «бүлікшіл рухани ізденістер». Бұл терминдердің бәрі дәл,нақты және жақсы емес. Бүгінгі ақпараттық қоғам тұсында дәстүрлі дінмен біте қайнасқан этно-мәдени болмыс, ұлттық мәдениет, тіл, тұрмыс ыдырай бастап, ұлттық құндылықтар мен дін, ұлттық рең, дәстүр әлсіреп, ұрпақтар сабақтастығының үзілуіне қауіп төнді. Батыс ғалымы Ж.Бодрийяр бүгінгі еуропалықтардың діншілдігін «симуляция» деген сөзден шығарып, «симулякр», діншіл болып көріну, жалған, жасанды дәстүрлі емес діндарлық деп бағалайды. 70 жылдардан бастап дәстүрлі емес культтер бұрынғы КСРО аумағына ене бастады. Ең алдымен, 80 жылдардың аяғы мен 90 жылдардың басында ене бастаған топ кришнаиттер мен муниттер болды. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған әртүрлі шетелдік миссионерлер, уағыздаушылар, гурулар және рухани тәлімгерлер енгізген көптеген дәстүрлі емес культтер пайда болды және тез тарала бастады. Дәстүрлі емес діндер мен олардың ізбасарларының саны тез өсті, бұл өз кезегінде дәстүрден тыс діндарлықтың дамуына себеп те болды. Соңғы жылдары ғылыми әдебиетте діндарлықты әртүрлі қырынан саралап, ғалымдар алуан түрлі пікірлер айтуда. Ең жиі айтылатын пікірлер: «барлық посткеңестік елдерде діндарлықтың қатты өсуі байқалады», «діндарлық дағдарысы», «діндарлық сипаты мен өсуі». Діндарлықты айқындау үшін дінтанушы ғалымдар әртүрлі ұғымдар қолданады: «халықтық діндарлық», «ішкі діндарлық», «құпия діндарлық», «жасанды діндарлық», «дүбәре діндарлық», «бір адамның әртүрлі дінде болушылығы», «конфессиядан тыс діндарлық», «итсизм», «агностицизм», «жаңа діндарлық». Кейбір еңбектерде дінді қабылдауы, меңгеруіне қарай православтар мен мұсылмандарды әртүрлі деңгейлерде сипаттайды: «Діндарлар мен жартылай діндарлар», «жаңа бастаушы діндарлар», «шіркеу мен мешіттен тыс діншілдер», «дінде жоқтар». Бұл терминдердің астарында діни амалдар, діни дүниетаным, діни қауымдастық сияқтылар туралы пікірлер жатыр. Осыдан әдебиетте діндарлықтың әртүрлі типологиясы жасалады. Бір ғалымдар «нағыз діндар», «дәстүрлі емес діндар», «жаңа діндар», «құбылмалы діндар» десе, екіншілерінің пікірінше исламдағы «жоғары діншілдікке» жататындар – исламның парыздарын орындайтын, жұма намазын қалдырмайтын, діни мерекелерді үнемі атап өтетіндер, «орта діншілдікке» жататындар – мешітке жұма намазына анда-санда баратын, діни салт-дәстүрлерді орындай бермейтіндер, «төменгі деңгейдегі діншілдік» иелері – мешітке бармайтындар, болмаса өте сирек баратындар, діни салт-жоралар мен діни мерекелерге мән бермейтіндер. Басқаша айтсақ, олар мұсылмандар, бірақ, оларды дінге сенеді деп айту қиын. «Мешітке, болмаса шіркеуге бару діндарлықтың белгісі бола алмайды» дейді бірқатар ғалымдар. Оразаны әдейі диета сақтау үшін ұстайтындар, жұма намазына таныстарымен кездесу үшін баратындар, қажылыққа туристік сапар ретінде қарайтындар бар. Сырт көзге бұл діндарлықтың белгісі болғанымен, шындығында олай емес. Әрине, «Денсаулығыма байланысты ораза ұстай алмаймын», «Құранды жаттап алдым, бірақ, мазмұнын білмеймін» дейтіндер «Құранды білмеймін, білгім де келмейді» дейтіндерден гөрі дінге жақын. Сол сияқты, үнемі мешітке баратын адамдарды да діндар деу асығыс пікір. Айталық, мешіті жоқ алыстағы ауылда тұратын, бес уақыт намазын қаза етпейтін, оразасын ұстайтын, қайырымдылық жасайтын, білгенше Құран аяттарын оқитын, немерелерін тәрбиелейтін ата мен әжені, ана мен әкені діндар емес деу орынсыз. Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ұйымдардың және тоталитарлық секталардың көбеюі мен оның қатарына жастардың жалпы халықтың көптеп тартылуы, олардың асыра сілтеуші діндарлығы көпұлтты мемлекетіміздің ұлтаралық татулық пен тұрақтылығына қауіпті фактор. Және ұлтаралық радикализммен шиеленісті тудыратын қосымша күш болып табылады. Бүгінде Қазақстан Бүкіл әлемдік діни-рухани форумның орталығы болып табылады. Қоғамда діндарлықтың белгілі бір түрлерінің болуы, олардың субъектілерінің қоршаған әлемге әсер ету дәрежесі діндарлықтың қалыптасу факторлары деп түсінілетін әлеуметтік құбылыстардың объективті және субъективті әсерінен қалыптасатын діндарлық формаларының даму ерекшеліктері мен тенденция- ларына байланысты. Нақты әлемнің жағдайларын талдау қазіргі заманғы діндарлықтың қалыптасуы мен дамуына әсер ететін факторларды, объективті және субъективті өмір сүру жағдайларын өзгерту үшін осы институтқа тән мүмкіндіктерге сәйкес белгілі бір қоғамдық институт қолданатын әдістер мен тәсілдердің жиынтығын түсінуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде діндарлықтың қалыптасуының келесі факторлары анықталды – «сезім факторы», «билік факторы», «күш факторы», «ынталандыру факторы». Барлық осы факторлар «адам – топ – қоғам» қатынастар жүйесіне әсер етеді. Уақыт өте тәжірибемен сыналған және қоршаған ортаның деструктивті әсерін жеңудің дәстүрлерімен тазартылған ең тиімді әдістердің бірі – адамның рухани құндылықтарға жүгінуі, оларды тек санасында ғана емес, сонымен бірге өмірлік қызметінде де дағдыландыруы. Себебі, адамның рухани өмірін жандандыруға көбінесе діни сенімге жүгіну арқылы қол жеткізіледі, ол адам үшін ең жұмсақ, жанға қонымды, формасы мен мазмұны бойынша үйлестірілген, белгілі бір әлеуметтік қауымдастықтың қызметіне ену тәсілі арқылы көрінеді.

Абзал Сәрденұлы, Сарбат-Ақжол оңалтуорталығының теологмаманы

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *