Пәтерлерді заңсыз жалға берушілер әшкереленді

Редакция таңдауы
view 73
news

Қосшы қаласында республикалық «Учаске» жедел алдын алу шаралары басталды. Қылмыстарды болдырмау, қоғамдық тәртіпті орнату мақсатымен учаскелік инспекторлар үйлер мен аулаларды аралауға кірісті. Қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, үй-үйді аралап, есепте тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеруде. Сауда нүктелерін тексеру де басты назарда. – «Профилактикалық жұмысқа жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік полицияның, криминалдық, көші-қон полициясының және өзге де қызметтердің қызметкерлері тартылған. Осы күнге дейін олар көпқабатты үйлердегі пәтерлердің, жеке сектордың иелерімен тілдесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар өз нәтижелерін беруде. Мысалы, тексеріс кезінде пәтерлердің заңсыз жалға берілу фактілері анықталды. Тиісті ақпарат салық органдарына жіберілді», – дейді қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Данияр Оразеков. Жасыратыны жоқ, бүгінде тұрғын үй мен пәтерлерді жалға беру тұрақты табыс беретін бизнеске айналды. Өйткені оған сұраныс көп, көбісі ауызша келісе салады. Ал соңғы жылдары Қосшыға қоныс аударушылар саны артып келеді. Айта кете- йік, заң бойынша жалға берудің машақаты көп емес, құжат рәсімдеу қиын емес, ыңғайлы салық мөлшерін де таңдауға болады. Жыл сайын айыппұл төлегенше салық аударып отырған тиімді. «Учаске» профилактикалық шарасы аясында тұрмысы нашар отбасылар, азаматтық қару иелері мен шетелдіктер де тексерілді. Қосшылық полицейлер тұрғылықты жері жоқ адамдарды, тыйым салынған заттарды сақтау фактілерін анықтау үшін қыстақтарды, саяжайларды, шаруа қожалықтарын да тексерді. – «Шетел азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тексеру нәтижесінде, көші-қон ережелерін бұзудың бірнеше фактісі анықталды. Полиция бөлімінің есебінде тұрған азаматтық қаружарақ иелерінің арасында заңды талаптарды орындамағандар да болды», – деді учаскелік полиция инспекторы Әділет Ғабитов. Жалпы, «Учаске» алдын алу шарасы аясында жиырмадан астам тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың ішінде қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін жауапкершілікке тартылғандар да бар. Полицейлер азаматтардың қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болуына, тұрақты түрде спирттік ішімдіктерді ішуге байланысты бұзушылықтардың жолын кесу бойынша іс-шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Себебі, қоғам қауіпсіздігі үшін қылмыстың алдын алу маңызды. Тікелей халықпен жұмыс істеп, қылмыстың алдын алуға және профилактикалық жұмыстар жүргізіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік полиция инспекторларының қызметін ерекше атап өткен жөн. Оларға артылған жүктің қаншалықты ауыр екенін рейд барысында аңғардық. Алдымен, таңертең полицейлердің сапқа тұрғызылып, іс-шараның мақсаты мен тапсырмаларының жеке құрамға жеткізілгеніне куә болдық. Кейін бір сағаттан астам уақыт олармен бірге аулаларды араладық. «Мазасыз көршілеріңіздің үстінен шағым түсіру үшін кімге жүгінесіз?» деген сұрағымызға тұрғындардың басым бөлігі бірауыздан «учаскелік инспекторға» деді. – «102» нөміріне қоңырау шалатындар да бар шығар, өз басым бірден біздің учаскелік инспекторымызға хабарласамын. Тыныштықты бұзғандармен әңгімелесуді сұраймын. Шыны керек, оларды қамауға алып, айыппұл салғанын қаламаймын. Десек те, бір шара қолданған да дұрыс. Қызметкерлер күн демей, түн демей, бірден келеді. Олардың жұмысына ризамын, алғысым шексіз», – дейді қала тұрғыны Зарипа Есқалиева. «Тәртіпке бағынған құл болмас» деген сөз бекерден-бекер айтылған жоқ. Әрбір азамат өз құқығын қорғауға, заңға бағынуға тиіс.

Жанар АХМЕТОВА

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *