Бірлік пен келісім – тұрақтылықтың негізі
Редакция таңдауы
99
«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағидатқа сүйенген ел ретінде бірегей даму жолына түсетін кезіміз келді. Ол үшін халқымыз қуатты, экономикамыз еңселі, бірлігіміз мықты, ынтымағымыз жарасқан ел болуымыз керек. Сонда ғана «Жаңа Қазақстанға» жасампаз істерімізбен қадам жасап, қуатты елге айнала аламыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде бірқатар маңызды дүниелерді атап өтті. Өз сөзінде «Бірлік пен тұрақтылық болмаса, саясиэкономикалық реформалар жүзеге аспайды» деген көшбасшымыз кемел келешек үшін де қазірден бастап елдіктің іргетасын мықты ететін қадамдарды қалыптастыру, ауызбіршілігімізді арттыру турасындағы атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек», дей отырып ұлтаралық, этносаралық құндылықты сақтаудың маңызы зор екенін сессияға жиналған сан түрлі этномәдени орталық өкілдерінің алдында еске салды.
Шын мәнінде пейілі дархан даласындай кең қазақ халқы тағдырдың тауқыметімен қилы замандарда жер аударып келген сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін құшақ жая отырып қабылдаған еді. Ұрпақ өсіп, өзге ұлт өкілдерінің де бірнеше буыны қалыптасты. Олар аласапыран замандардағы ата-бабаларының қазақ жеріне келіп, жергілікті қазақ жұртымен бірлікте күн кешкенін, соның арқасында еңсесін тіктеп, ұлттық болмыстарын сақтап қаланын ешқашан ұмытпайды. Біз – елімізде ғұмыр кешіп жатқан ешқандай ұлт пен ұлыс өкілдерін бөліп жармай тәуелсіздік алған аласапыран жылдардан да өтіп, қарышты даму жолына бағыт алған қазіргі күнге де жеттік. Қазақ жерінде күн кешіп жатқан орыс пен немістің, украин мен гректің, поляк пен румын, татар, түріктің ұрпағы Отанымыз – Қазақстан деп білетін күн туды. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында өзге ұлт өкілдерінің дәстүрін, тілін, тұтас мәдениетін дамытуына мүмкіндік жасалды.
Халқымыз бірлік пен тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар екенін айтпай кетуге болмас. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз тыныштық пен келісімді сақтауда Азия елдерінің ішінде көпшіліктен көш ілгері.
XXXII сессия барысында Президентіміз
Қ.К. Тоқаев: «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады. Баршаңыз осы маңызды миссияны абыроймен атқара бересіздер деп сенемін», деді. Бұл ҚХА-на жүктелген жауапкершілік, еліміз үшін жасалатын абыройлы міндет екені сөзсіз.
Ассамблеяның ұсынысы бойынша президент тағайындайтын Сенаттың бес депутаты қоғамдық бақылауды заңнамалық деңгейде жүзеге асыра отырып, Қазақстандағы барлық этностың мүддесін Парламентте қорғайды. Сонымен қатар Ассамблеяның 12 мүшесі Ұлттық құрылтайдың құрамына кіргенін де атап өткен жөн. Бұл – осынау құрылымның қызметін жүзеге асыруда берілген зор мүмкіндік деуге болады. Ассамблея – еліміздегі реформалардың жұртшылық тарапынан кең қолдау табуына, мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне барлық этносты жұмылдыруға ықпал етті. Осылайша, Қазақстан өз геосаяси аймағында ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатқан бірден-бір елге айналды.
Татулық пен достықты ту етіп, тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы мемлекетіміздің идеологиялық саясатын жүзеге асырудың маңыздылығын бір сәт те ұмытпауымыз керек. Көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет екенін еліміздің тұтқасы – президентіміз де ескертіп өтті. Бірақ, жалпыұлттық азаматтық бірегейлік этникалық ерекшеліктерді жоққа шығармайтынын да атап өткен жөн. Ол азаматтық қоғамның жаңа моделінің негізін қалыптастыруды көздейді. Ұлтаралық, этносаралық мәселелердің туындамауы үшін әрбір отандасымыз ұлттық, діни, нәсілдік кемсітушілік пен бөлінуге батыл түрде қарсылық білдір отырып, еліміздің заңдарын сақтауға шақыра алады. Ал ҚХА президентіміздің өзі төрағалық ететін мемлекетіміздегі іргелі институт ретінде туындауы ықтимал қауіптердің алдын алумен, өзара түсіністік пен диалогты қалыптастыруға, сондай-ақ барша этнос өкілдерінің мәдени артықшылығын дамыта отырып, еліміздің бірлігін нығайту жолында еңбек етуі тиіс.
Біз – өз еліміздің негізін құраушы ұлт ретінде мемлекетімізде, облыс пен қаламызда, шалғайдағы ауылдарымызда азаматтарымыздың мемлекетшілдік көзқарасын нығайту, жас ұрпақты отаншыл рухта тәрбиелеу ісін жүйелеу, жастар арасында патриотизмді қалыптастыруда жаңашыл, заманауи тәсілдерді көптеп қолдану бағытындағы бастамаларды қолдауымыз қажет. Ал барша этнос өкілдері мемлекеттік мүдде тұрғысынан қазақ ұлтының айналасына топтаса отырып, тұрақтылық пен біртұтастықты сақтауда аянбай тер төгуі керек. Сонда ғана ата-бабаларымыз айтқандай, бақ қонып, қызыр дарыған, жарасымдылықпен күн кешкен елге айналамыз.
Шохан Ибраев, Қосшы қаласы мәслихатының депутаты
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)