Тілсіз жаудан абай болыңыз!

Редакция таңдауы
view 95
news

15 шілдеде 22 сағат 14 минутта Қосшы қаласының полиция бөліміне «Нұрай» ТК көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде өрт болғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл түрде ПБ, ТЖБ және өртке қарсы қызметтің жеке құрамы дереу келді.
Ақмола полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, өрт тұрғын үйдің 4 қабатын шарпыды және көрші ғимараттарға таралуы мүмкін еді. Куәгерлердің айтуынша, жанып жатқан пәтерде адамдар қалды, олардың арасында кәмелетке толмағандар да болды. Бірден отқа оранған жандарды эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Қызметкерлердің жедел әрекеттерінің арқасында тұрғындар өрттен аман-есен құтқарылды.
Тұрғын үй секторында өрттердің туындау, адамдардың қаза болуы және жарақаттану қаупін азайту мақсатында ТЖБ қызметкерлері алдын алу шараларын жүргізіп отырады. Соған қарамастан, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің мәлімдеуінше, бірінші жартыжылдықта 20-дан астам өрт оқиғалары орын алған.
– «Тұрғын үйде ғана емес, көлікте де қауіпсіздік ережесін сақтаудың маңызы зор. Жеке секторлар мен пәтерлерде, сондай-ақ автокөліктердегі өрттердің туындау мүмкіндігін барынша азайту үшін түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Тұрақты негізде Қосшы қаласының аумағын аралап, рейд өткіземіз», – дейді Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Коржумбаев.
ТЖБ қызметкерлерінің күнделікті жұмысын көру үшін біз де олармен бірге рейдке шықтық. Алдын-ала келісілген уақытта Тайтөбе ауылына бет алдық. Біз бірінші көшедегі үйлердің жылу қазандығы мен газ плитасын тексеруден бастадық.
– «Мамандардың әр үйді аралап, түсінік жүргізгені дұрыс. Білместіктен қауіпсіздік сақтау ережелерін сақтамауымыз мүмкін ғой. Сондықтан оқыс жағдайлардың алдын алу үшін істеп жатқан жұмыстарына алғыс айтқым келеді», – дейді  ақсақал Жоламан Есқабылов.
Рейд тобы өзге үйлердің иелеріне де іс-шараның мақсатын түсіндіріп, өрт қауіпсіздігіне қайшы келетін тұстарын айтып, ақпараттық парақтарын таратты. Көшеде кездескен ауылдықтарға да қауіптен сақтануды қаперге беріп отырды.
Өртті болдырмауға бағытталған шаралардың бірі – әлеуметтік желілер, адамдар көп шоғырланатын жерде дауыс күшейткіш арқылы үгіт-насихат жүргізу. Сонымен қатар көшеде билбордтар ілініп тұрады. Мұның да өзіндік оң септігін тигізіп, бұқараның санасында еріксіз жатталып қалатыны сөзсіз.
Өрт кезінде қандай бастапқы шараларды қолдану керек?
• Егер сіздің үйіңізде немесе сіздің көршілеріңізде өрт болса, ең бастысы – дереу өртке қарсы қызметін шақырыңыз. Ол санаулы минутта жетеді. Үйіңізде телефон болмаса да, амалсыз жағдайлар болмайды: бақытсыздыққа ұшырағандығыңыз жайында дабылды терезеден немесе балконнан беруіңізге болады.
• Тұрмыстық электр аспаптарын қараусыз қалдырмаңыз. Жанып жатқан тұрмыстық электр аспабын (теледидар, жылытқыш және т.б.) ең алдымен залалсыздандырып, содан кейін «101» нөміріне қоңырау шалыңыз. Қолдан жасалған электрлік жылытқыш аспаптарды қолданбаңыз.
• Мүмкіндігіңіз болса пәтерге кіретін есіктен шығып кетуге тырысыңыз. Жанып жатқан бөлменің есігін артыңыздан қаттырақ жабу өте маңызды, бұл оттың пәтердегі барлық бөлмелерге таралуына жол бермейді.
• Егер кіреберіс есік жаққа баратын жол отпен және түтінмен бөгеттелсе, балкон арқылы өзіңізді құтқарыңыз. Балкон есігін өзіңіздің артыңыздан міндетті түрде жауып қойыңыз. Төменгі қабатқа балкон люгі арқылы немесе қосылған балкон арқылы көршілердің көмегімен өтуге болады.
• Құтқарылудың тағы бір жолы – терезе арқылы. Бөлмеге кіретін есікті шүберекпен және жиһазбен тығыздаңыз. Сіздің көмекке шақырған айғайыңыздың естілгеніне көз жеткен соң, түтін аз мөлшерде тараған еденге жатыңыз. Осы түрде жарты сағаттай шыдауға болады.
Барлық ұсынылған нұсқаулықтар «әртүрлі өрт оқиғаларына» берілді. Бірақ олар ең бастысын алмастыра алмайды – ең алдымен өртке қарсы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін біліп, еске сақтау қажет.
Жан ҚАСЫМОВА 

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *