Жастар практикасына жолдама кімге беріледі?

Редакция таңдауы
view 315
news

Жұмыссыз адам ретінде тіркелгеннен кейін Қосшы қаласының тұрғындары жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына, атап айт- қанда уақытша жұмыс орындарына, оның ішінде жастар практикасына жолдама алуға үміткер бола алады. Жас мамандарға жол ашқан жоба туралы мансап орталығының директоры Махаббат Исина айтып берді. – Махаббат Кабибуллақызы, жастардың оқу бітіре сала жұмыс іздейтіні белгілі. Бірақ тәжірибесі болмағандықтан, жұмыс берушілер оларды бірден жұмысқа қабылдамайды. Білуімізше, бұл тығырықтан шығудың бір жолы бар. Сол жайлы сөз өрбітсек... – Иә, жастарға мемлекеттік көмектің бірі ұсынылып отыр. Жастар практикасы - техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын, алдыңғы 5 жыл ішінде оқуын аяқтаған білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арнайы арналған. Оған 35 жасқа дейінгі ниет білдірушілер қатыса алады. Яғни жастар мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, бастапқы тәжірибе жинауға мүмкіндік алады. – Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие ме? – Жастар практикасының ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыздар орталығына келесі құжаттарды қоса бере отырып, өтініш береді: жеке басын куәландыратын құжат, ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек қызметін растайтын құжаттар (бар болса), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат. Жұмыссыздың айлық жалақысының мөлшері салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда банктік қызметтерді ескере отырып, кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Айта кету керек, жастар практикасынан өту кезеңі жұмыссыздардың еңбек өтіліне есептеледі. Егер жұмыс беруші бөлек еңбекақы төлеймін десе, оған да жол ашық. – Жұмыс беруші жұмыссыздарға кәсіби білімі мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгерді бекітеді. Солай ма? – Жұмысқа орналасқан жас адамға арнайы тәлімгер бар-білгенін үйретеді. Практикаға қабылданып, жолдама алған түлек өзін жақсы жағына көрсете алса, жаңа қызметке ие болуы әбден мүмкін. Қуантарлығы, практикаға қалған жастардың басым бөлігі ынтасы мен талабын танытып, тұрақты жұмысқа орналасып қалады. – Махаббат Кабибуллақызы, биыл жастар практикасына қанша адамға жолдама бересіздер? – Биыл «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша 30 адамды жіберуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда оқу орнында алған мамандығы бойынша жұмыс істейтін 8 адам жіберілді. Мысалы, Аймира Ажибек «Батыр» қоғамдық ұйымына балалар психологы болып жұмыс істеп жүр. Анеля Максим ЖК Carservice тренері, ал Сағынған Қуанған вокалист, Дильназ Ертаева Baqstar актері ретінде қызмет көрсетіп жүр. Сондай-ақ Айсулу Тусупбекова Қосшы қаласы бойынша Қазынашылық басқармасының хатшысы, Қуаныш полиция басқармасының техник-бағдарламашы қызметкері болып жіберілсе, Тілеубек Батыс «Мәдениет порталдары» ЖШС әдеби редакторы, Перизат Әмірбай логист болып еңбек етуде. – Сұхбатыңызға рақмет! Мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысқа орналасуға ниет білдірушілердің қатары артады деген сенімдеміз. Жастар практикасына еңбек өтілін жинағысы келгендерге тағы бір мүмкіндік бар. Ол – «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы. Яғни, азаматтың өзі таңдаған мекемесінде екінші рет тағы жұмыс тжірибесінен өтіп, еңбек өтілін көбейте алады. Елімізде жастарды жұмыспен қамтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар жетіп жатыр. Тек мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар.

Жанар АХМЕТОВА

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *