Қала үлкен құрылыс аумағына айналып барады
Редакция таңдауы
163
Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов 18 шілде күні кезекті аппараттық кеңес өткізді. Мұнда шаһардың ағымдағы түрлі мәселелерімен бірге жол құрылысы, көше жарығы, көлік қозғалысының қауіпсіздігі, республикалық және жергілікті бюджеттің орындалу жайы талқыланды.
Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлкен Тойынбековтың айтуынша, биыл шаһардың көше-жол желісін салу және жөндеу үшін республикалық бюджеттен 3 001 684 000 теңге сомасында ақшалай қаражат бөлінген. Бұл қаржының жартысынан астамы жолдарды күрделі жөндеу үшін жұмсалған. Атап айтқанда, Ж.Жабаев, Ақжайық, А.Байтұрсынов, И.Тайманов, Т.Рысқұлов, Ә.Молдағұлова 1, №9 плем.станция, №14, Шырақ және Ақжайық тұйық көшесі жолдарының төменгі қабат төсемі төселіп, жалпы ұзындығы 7563, 04 м жол асфальтталды. Одан бөлек, Байқоңыр, Берел, Бозақ, Нұра, Тәуелсіздік, Әбілхайыр хан, Ә.Бөкейхан, Баян сұлу, Балуан шолақ, Ш.Айманов, Қамбар батыр, Едіге батыр, Азаттық, Шалқар, Алакөл және №12 мен атауы жоқ көшелердің екінші қабаттық жол төсемдері төселді. Олардың жалпы көлемі 84 000м2 құрады. 15 300м2 аумаққа тротуар төселді. Қазіргі уақытта жол төсемін орнату жұмыстары жалғасып жатыр, бас мердігер – «АБК Автодор НС» ЖШС.
Қосшы қаласының көше-жол желісінің жолдарын салу үшін республикалық бюджеттің мақсатты трансфертінен 300 000 000 теңге бөлінді. Бұл қаржы жолдарды асфальттау (екінші қабат), көшелерді абаттандыруға жұмсалды. Тайтөбе ауылының кірме жолы мен кентішілік жолдарды күрделі жөндеу жобасы аясында ағымдағы жылға 1,0 млрд теңге қарастырылды. Аталған жұмыстарды атқару «АИС Атырауинжстрой» ЖШС-на жүктелген.
«Ағымдағы жылдың мамыр айында Қосшы қаласының 12 учаскесінде ұзындығы 6,5 км, Тайтөбе ауылында ұзындығы 1,2 км (3ш.ауд.) – барлығы 7 733 км жол грейдерленді. Жалпы жұмыс құны 74 249 999,94 теңгеге бағаланды. Оны «ППК Дала» ЖШС жүзеге асырды», деді Әлкен Тойынбеков.
Сондай-ақ ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен 100 млн теңгеге грейдерлеу жұмыстарын орындау жоспарланған, оның хабарландыруы Мемлекеттік сатып алу порталында берілген. Жеңімпаз анықталғаннан кейін Тайтөбе ауылы мен Қосшы қаласында грейдерлеу жұмыстары жалғасатын болады.
Аппараттық жиында жол қауіпсіздігі мәселесі де қаралды. Баяндамашының мәлімдеуінше, Қосшы қаласының көше-жол желісінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жыл басынан бері облыстық бюджеттен 578,8 млн теңге бөлінген. Қазіргі кезге дейін қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Республика, Абай, Ш.Айманов, Абылай хан, Алаш, Қ.Қайсенов, Сарқырама, Достық, Желтоқсан, Әл-Фараби, С.Мұқанов, №3 орта мектеп ауданы, Қамбар Батыр, Қобыланды батыр, Кейкі батыр, Балуан Шолақ, Қажымұқан, Ә.Бөкейхан, Жайық көшелеріне 45 дана жол белгілері орнатылды. Әйтеке би, Желтоқсан, Ақан сері көшелері, «Лесная поляна» шағын ауданы, «Академия» ТК-де 10 дана ЖЖК (жасанды жол кедергісі) төселді. Ағымдағы жылы тағы 5 көшеде ЖЖК орнату жоспарлануда. 20 мамырда Республика көшесіндегі бағдаршам құрылысы аяқталды (Лесная поляна ш/а бұрылыс). Республика және Сүйінбай көшелерінің қиылысындағы, Республика және Абай көшелерінің қиылысындағы бағдаршам жаңартылды. Сондай-ақ Абай – Абылай хан, Желтоқсан – Абылай хан, Абылай хан – Ш.Қалдаяқов көшелерінің қиылысындағы бағдаршам құрылысы басталды. Бір сөзбен айтқанда, атқарылған жұмыстарға қарап отырып, Қосшы қаласы бүгінде үлкен бір құрылыс алаңына айналып бара жатқандай дерсіз.
«СМЭУ-Астана» ЖШС мердігерлік ұйымы Қосшы қаласында 5 әлеуметтік маңызды нысан бойынша жаяу жүргіншілерге арналған проекциялық жолақты іске қосты.
«Жолдарды және орамішілік аумақтарды күтіп ұстау жұмыстарымен күнделікті екі компания айналысады. «Керуен СК+» ЖШС автомобиль жолдары мен жеке сектор аумағының күтіміне, ал «Мехсервис групп» ЖШС орамішілік жолдарды, аула аумақтардың күтіміне жауапты», деді Ә. Тойынбеков.
Оның айтуынша, жыл басынан бастап қар полигонына шамамен 160 мың м3 қар шығарылған. Оның 25 мың м3 болжамды су басу орындарынан алынған. Осы уақыт ішінде 100 мың м3 еріген су сорылған. Көшелер мен орамішілік аумақтардан қар уақытылы шығарылғандықтан, су тасқынына қарсы кезең штаттық режимде өтті.
Келесі баяндамашы Қосшы қаласының қазынашылық басқармасы басшысы Серік Қаскеев аталған мекеме Қаржы министрлігі Қазыналық комитетінің аумақтық органы екенін еске сала келе, республикалық және жергілікті бюджеттің орындалуына, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаржылық операцияларының заң бойынша жүзеге асырылуына бақылау жасайтындығын жеткізді.
Қазіргі күні Басқармада мемлекеттік мекеменің 25 кодына және мемлекеттік сатып алу бойынша 1 субъектіге қызмет көрсетіледі. Олардың 2-уі республикалық бюджеттен, 6-уы облыстық бюджеттен, 16-сы қалалық бюджеттен және бір-бірден аудандық маңыздағы қала бюджеті мен мемлекеттік сатып алу есебінен қаржыландырылады.
«Өзара өтелетін кодтарды есептемегенде кіріс және шығыс бойынша Қосшы қаласының 2023 жылдың бірінші жарты жылындағы бекітілген бюджеті 7,8 млрд теңгені құрады, оның 6,6 млрд теңгесі (84,4%) жоғарыда тұрған бюджеттен келген трансферт. Қосшы қаласының түзету енгізілген бюджеті 10,5 млрд теңгені құрады, оның 9,3 млрд теңгесі (88,5%) трансферт арқылы түзілген», деп атап өтті Серік Қаскеев.
Тайтөбе ауылының өзара өтелетін кодтарды есептемегендегі кіріс және шығыс бойынша 2023 жылдың бірінші жарты жылы үшін бекітілген бюджеті
36,4 млн теңгені құрады, оның 25,6 млн теңгесі жоғарыда тұрған бюджеттің демеу-
қаржысы.
Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында қазынашылық басқармасы 7 478 қаржылық құжатты қабылдап, оның 7 038-ін өткізген, 440-ын кері қайтарған. Кері қайтарылған құжаттың үлесі 6,2%-ды құрады.
«Қаржылық құжаттардың кері қайтарылуының басты себептері төмендегідей: міндеттемелер мен төлемдер бойынша жоспарлық тағайындаулардың жетіспеушілігі – әкімшілер міндеттемелер мен төлемдер бойынша жекелеген қаржыландыру жоспарларына өздігінен өзгертулер енгізеді, ал оларда бюджеттік бағдарлама бойынша жылдық және айлық шығыс көлемдері көрсетілмейді. Міндеттемелер мен төлемдер бойынша қарыжыландыру жоспарларының қатынасы сақталмайды. Төмен тұрған бюджетті қаржыландыру жоспары мен жоғары тұрған бюджетті қаржыландыру жоспары сәйкес келмейді», деді қазынашылық басқармасы басшысы Серік Қаскеев.
Қаржылық құжаттардың қабылданбауына, сондай-ақ шығыстардың экономикалық жіктелу маманданымын дұрыс қолданбау, маманданым бойынша қаржының жетіспеушілігі, оның куәландырушы құжаттардың көрсетілмеуі және бекітіліп берілмеуі, т.б. келеңсіздіктер себеп болған. Одан басқа, қызметкерлердің ұқыпсыздығы, басшылық тарапынан тиісінше қадағалаудың жоқтығы, нормативтік құқықтық актілердің зерттелмеуі, сондай-ақ көптеген мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлердің жоқтығы да кесірін тигізіп тұр.
Баяндамашы сол себепті бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік бюджетті орындау барысында кемшіліктер мен заңбұзушылықтардың алдын алудың маңыздылығын ескертті. Ол үшін бөлім жетекшілері қаржыландыру жоспарына өзгертулер енгізгенде, мемлекеттік мекемелер азаматтық-құқықтық мәміле жасағанда, бюджет заңдылығына сәйкес төлем жасағанда құжаттарда талап етілген барлық жолдардың дұрыс толтырылуын қамтамасыз етуі тиіс. Есеп айырысқан кезде төлем тағайындалуының Қазақстан Республикасы бюджет шығындарының экономикалық жіктелуіне сәйкестігіне айрықша назар аудару қажет. Жауапты орындаушылар қаржылық құжаттарды өңдеген кезде жөнсіз төлемдер жасамас үшін өте мұқият болып, құжатты алдын ала толықтай тексеріп алуы тиіс.
Қала әкімінің аппараттық кеңесінде шаһардың әлеуметтік-экономикалық тұрмысына қатысты басқа да мәселелер тілге тиек етілді. Жиын соңында өңір басшысы Гайдар Қасенов сала басшыларына жеке-жеке тапсырмалар беріп, жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісінше қорытынды шығару керектігін ескертті.
Дәулет АСАУ
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)