Мақта-мата кәсібінің майталманы Дәулетхан ақсақал зейнетте
Қосшы жаңалықтары
732
Қосшы қаласы әкімдігіне қарасы «Есіл-Нұра» ардагерлер ансамблінің белді мүшесі, мақта-мата жеңіл өнеркәсібінің инженер-механигі Дәулетхан Садықов ақсақал бүгінде пайғамбары жасы – 63-ке толып, зейнетке шығып отыр. Жас күнінде көрген бейнетінің зейнетін көру бақыты бұйырған Дәукең қазір Қосшы қаласы Лесная полияна шағын ауданында тұрып жатыр. Дәулетхан Сенбекұлы – қазір Қосшы қаласының ел ағасы болып отырған елеулі ақсақалдарының бірі.
Дәулетхан Садықов – 1960 жылы 2 сәуірде Түркістан облысы (бұрынғы Шымкент облысы), Бәйдібек аулдық округіне қарасты Сазбұлақ ауылында дүниеге келген. Сенбек ақсақалдың отбасына алтыншы бала болып өмірге келген сәбиініңң есімін ырымдап ырысы мол, ауқатты болсын деген ниетпен «Дәулет» деп, елге елеулі, сыйлы, топ бастар беделді азамат болсын деп «ханды» қосып, Дәулетхан қойған екен. Дәукеңнің есімін әкесі Сенбек ақсақалдың өзі қойыпты.
1967 жылы Сазбұлақтағы орта мектептің бірінші сыныбына барған Дәукең, 1975 жылы сегізінші сыныпты бітіріп, өз қалауымен көмекші шопан болып еңбек жолын бастайды. Жұмыс істей жүріп, кешкі мектепте оқып орта білім алады. 1978 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Москва қаласындағы 5273-ші «ішкі әскер» бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп, 1980 жылы туған ауылына келгеннен кейін де, шопан болып 1983 жылға дейін атакәсібін жалғастырады.
1983 жылы Пернегүлдей арумен тағдырын тоғыстырып шаңырақ көтерген жас отау – 1984 жылы тұңғыштары Айнұр өмірге келіп шексіз бақыт пен қуанышқа бөленеді. Осы қуаныш еңбек жолындағы сәттілікке ұласып 1985 жылы Өзбекстанның Ферғана қаласындағы мақта-мата жеңіл өнеркәсібінде инженер-механик мамандығын игеріп, сонда 4-5 жылдай қызмет етеді. Осы жылдардың тағы бір үлкен сыйы – Айнұрдан кейін Мөлдір, Альфия атты алтын асықтай қыздары өмірге келеді.
Қазір азаматың қайсы дегенде кеудесін керіп мақтанышпен көрсететін, Дәукеңнің өзі ерекше жақсы көретін, қыздарының құдай қосқан қосақтары –
Бақытжан, Нұрбол, Қуаныш атты, туған балаларындай мейірімді, сүйікті үш күйеу балалары бар. «Үш қызым бір төбе болса,үш күйеубалам бір төбе», деп айтып, Дәукеңнің өз замандастары ортасында ерекше сезіммен шалқып отыратын сәттері аз емес. Құдайға шүкір, қазір Дәукең мен Пернегүл апамыз оннан астам немере сүйіп, енді шөбере сүюді асыға күтіп жүрген ардақты Ата, ардақты Апа, аяулы Ана.
Өмір жолының осындай соқпақтарынан өткен Дәулетхан ағамыз бүгін зейнет жасына толып «Зейнеткерлер армиясының» қатарына қосылып отыр.
– Дәулетхан Сенбекұлымен танысқалы жақын дос-жаран болып кеттік. Дәукең өте еңбекқор, бір сөзді, бір мінезді адам. Біз осы Қосшы қаласындағы өнерлі ақсақалдарымыздың басын қосып, ансамбл құрамыз деп алғаш қолға алған күннен бастап, Дәукең осы жұмыстың басы-қасында болды. Қоғам игілігі үшін тартынтын адам. Тіпті бір кездерде ансамбліміз қаржы жағынан да қысылып отырғанымызда осы кісінің тәрбиелеп өсірген қыздары көмектесіп кеткені бар еді. Мұның бәрі осы Дәукеңнің тәлім-тәрбиесі деп білеміз. Ортаға сыйлы, жастарға қадырлі Дәукең ақсақалдың зейнет тойы құтты болсын, бұдан да әрі көп жасап, халқына қызмет ете беруіне тілектеспіз, дейді «Есіл-Нұра» ардагерлер ансамблінің солисі, өнерпаз ағамыз Дәулетхан Түсіпов.
Мақта-мата жеңіл өнеркәсібі мен атакәсіп мал шаруашылығы саласында көп жыл қызмет еткен һәм өнерден де кенде емес Дәулетхан Сенбекұлының отбасына бақыт, зор денсаулық тілейміз.
Асантемір АСҚАР,
Қосшы қаласы
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)