Мемлекет басшысының Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үндеуінен

Жаңалықтар
view 25
news

Фото: Ақорда

Сайлауалды науқан еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет саясатының арқауына айналғанын айқын көрсетті.

Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан.

Қоғамдық пікірталасқа жастарымыз, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер де белсенді қатысты. Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін.

Жалпы, халқымыздың саяси мәдениеті артып, жұртымыз мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастады. Бұл біз бір ел болып жүргізген реформалардың тікелей нәтижесі екені сөзсіз. 

Азаматтарымыз қастерлі Отанымыздың тағдырына шынайы жанашырлық танытып, еліміздің келешегіне жауапты екенін терең сезінуге тиіс. Сонда ғана Қазақстан одан әрі қарыштап дамиды.

Сайлау науқаны отандық және халықаралық байқаушылардың жіті назарында болды. Олар дауыс беру күні де учаскелерде болады.

Біз «Заң мен Тәртіп» қағидаты үстемдік құратын, халық үніне құлақ асатын, саяси және қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет құрып жатырмыз.

Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін.

Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ.

Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз қажет. Қазақстанды әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет.

Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады.

Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз.

t.me/aqorda_resmi

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *