«Мешітте азан шақырады»: Бас Имам әкесін аяусыз ұрып-соққан адамға қатысты мәлімдеме жасады
Фотосурет: ашық дереккөзден
Түркістан облысының бас имамы әкесін соққыға жықты деген күдікке ілінген ер адамға қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұған дейін күдіктінің мешітте қызмет ететіні туралы жазған болатынбыз.
Өңірдің бас имамы Ержан Төлепов жазбасын Facebook-тегі парақшасына жариялаған. Ол желіде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Ресми түрде мәлімдейміз: Аталған азамат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін қызметкері емес. Ол мешітте ешқашан азан айтпаған және ресми діни қызмет атқармаған. Оның қызметінің дін саласына қатысы жоқ, қосымша той жүргізуші (асаба). Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай әрекеттерді қатаң айыптайды. Сонымен бірге, ата-анаға құрмет – әрбір мұсылманның басты міндеті екенін қалың жұртшылықтың есіне салады, – делінген хабарламада.
Айта кетсек, бірер күн бұрын желіде ер адамның егде жастағы әкесіне күш көрсетіп жатқан сәтінен видео тарап, халықтың ашуын тудырған болатын. Кейін аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған қоса күдікті ретінде танылған ер адамның мешітте қызмет атқаратыны туралы ақпарат пайда болды.
Пікірлер (0)