Жолаушыларға ұнайтын жаңа айыппұл енгізілді

Жаңалықтар
view 177
news

Фотосурет: ашық дереккөзден

13 наурыздан бастап Қазақстанда жаңа ереже күшіне енді. Енді бір рейске артық билет сатып, жолаушыны ұшаққа кіргізбей қойған әуе компаниялары жауапқа тартылады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Заң не дейді?

Көлік министрлігінің түсіндіруінше, бұл ҚР ӘҚБтК-нің 571-бабына сәйкес («Жолаушыларды, багажды және жүкті тасымалдау қағидаларын бұзу») қаралады.

Әуе компаниялары енді ұшақтағы нақты орын санынан артық билет сата алмайды. Ережені бұзғандар 50 АЕК көлемінде (2025 жылы – 196 600 теңге) айыппұл төлейді. Егер жолаушы ақылы билеті бола тұра рейске кірмей қалса, оның билеті келесі бос рейске жарамды болып қалады. 

Овербукинг қалай анықталады?

Факт ресми құжаттармен дәлелденеді:

  • әуе компаниясының «қондырудан бас тарту актісі»;
  • рейске кіргендер мен кірмегендердің тізімі;
  • тіркеу жүйесі мен қону парақтары;
  • жолаушылардың өтініштері мен куәгерлердің сөзі;
  • әуежай ұсынған мәліметтер.

Бұрынғы жағдайлар бар ма?

Министрліктің мәліметінше, заң күшіне енгеннен бері овербукингке байланысты шағым тіркелмеген.

2025 жылдың 13 наурызынан бері әкімшілік іс қозғалған жоқ, себебі шағым түспеген, – делінген хабарламада.

Дегенмен жыл басынан бері жолаушылардың арыз-шағымы бойынша 22 тексеру жүргізіліп, бірқатар бұзушылық анықталған.

Жолаушы қайда шағымдана алады?

Егер сіз билет сатып алсаңыз, бірақ ұшаққа кірмей қалсаңыз, шағымды Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне, Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне (E-otinish порталы арқылы) жолдай аласыз. Өтінішке билет, қону талоны, әуе компаниясымен хат алмасу сияқты дәлелдерді қоса тіркеу ұсынылады.

Шағымды қарау мерзімі – 15 жұмыс күні.

Бұл неге маңызды?

Овербукинг – шетелдік тәжірибеден алынған жүйе. Әуе компаниялары орыннан көп билет сатады, өйткені жолаушылардың бір бөлігі келмей қалады деп ойлайды. Бірақ барлық жолаушы келген жағдайда ақшасын төлеген азаматтардың өзі ұша алмай қалады.

Соңғы жылдары Қазақстанда да осындай жағдайлар жиілеп, азаматтар ақылы билетпен ұшпай қалып, уақыт пен қаражаттан айырылған еді.

Енді заң күшейді. Ал сіз қалай ойлайсыз: айыппұлдың көлемі әуе компанияларын «артық билет сату әдетінен» айныта ма, әлде тағы да «қазақы жолын» таба ма?

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *