Мұнай қалдықтары төгілген полигоннан тұрғындар зардап шегуде

Жаңалықтар
view 158
news

Фотосурет: Ашық дереккөзден

Мәжіліс отырысында AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, депутат Аманжол Әлтай Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Жұмажанов ауылы тұрғындарының жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды janabastau.kz.

Депутаттың айтуынша, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Жұмажанов ауылының тұрғындары ауыл іргесіндегі таяқ тастам жерге төгілген мұнай қалдықтарынан зардап шегуде. Тұрғындар елді мекеннен небәрі 500 метр жердегі мұнай қалдықтары төгілген полигонның залалын талайдан бері айтып келеді, алайда қарапайым халықтың талап-тілегімен ешкім санасар емес.

Ауыл халқының тынысын тарылтып, тамағын қырнаған мұнай қалдықтарының жағымсыз иісі тұрғындардың мұңына айналуда. Денсаулығына алаңдаған жұрттың жанайқайын СЭС мамандары да, экологтар да назарына алмай келеді. Ауа райының күрт жылынуы себепті кеше сол мұнай қалдықтарын жинақтайтын полигонды су басып кетті. Қар суымен араласқан зиянды мұнай қалдықтары Сарысу өзенінің арнасына құйылса, оның экологиялық залалы үлкен болмақ. Суда жүзген балықтың, жүгірген аңның, жұттан қалған азын-аулақ малдың қырылуына себеп болуы бек мүмкін, - деді Аманжол Әлтай.

Осы себепті депутаттық сауалда мына ұсыныстар жолданды:

1. Дереу су ағып жатқан аумақта мұнай қалдықтарының төгілу дәлелдері анықталсын. Арнайы комиссия құрылып, сараптама жүргізу қажет.

2. Ауыл тұрғындарының денсаулығына зиян келтіріп отырған іргедегі мұнай қалдықтары полигоны жабылсын.

3. Тексеріс нәтижесінде заң бұзушылық анықталған жағдайда өндірістік мұнай тасымалдау мекемесіне қатаң шаралар қолданылсын.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *