Н.Әуесбаев: Жаңа Конституцияда Президент өкілеттілігі бір рет қана 7 жылдық мерзім бекітіледі

Жаңалықтар
view 27
news

Фото: parlam.kz

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Конституция жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев конституциялық реформа төңірегінде қоғамда түрлі эмоция білініп, дабыралы мәлімдемелер көп айтылып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Депутаттың пікірінше, дәл қазіргі жағдайда барлығымызға сабыр сақтап, нақты деректерге сүйеніп, мәселенің мәніне үңілу аса маңызды.

Депутат атап өткендей, қазіргі конституциялық реформа Қазақстанның 2022 жылдан бастап қолға алған күрделі саяси өзгерістерінің заңды жалғасы болып табылады. Ол кезде еліміз саяси күйзелістерсіз, біртіндеп эволюциялық реформалар жолымен алға жылжыған.

Нұрлан Әуесбаев халық арасында бірпалаталы парламентке қатысты сыни пікірлердің көбейгенін көріп отырғанын жеткізді. Осы орайда депутат заң шығарушы органның күрделі жүйесінен бас тартып, қоғам үшін қарапайым әрі түсінікті және жауапты формаларына көшу қажет деп есептейтінін айтты.

Сонымен қатар, социал-демократтар үшін бұл мәселе жаңалық емес екенін, 2013 жылы ЖСДП қабылдаған бағдарламасында унитарлы мемлекет үшін екіпалаталы парламент тиімсіз екені нақты әрі дәйекті түрде айтылғанын еске салды.

Депутаттың сөзінше, Халық Кеңесі деген қоғамдық диалог алаңы қалыптасады. Сонымен қатар азаматтардың жеке ұсыныстарын еркін білдіруге және қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға арналған жаңа жоғары консультативтік орган құру ұсынылып отыр.

Нұрлан Әуесбаев Конституцияның жаңа жобасында билікті бір қолға шоғырландыру мүмкіндігі толықтай жоққа шығарылғанын, президент өкілеттілігі бір рет қана міндеттеліп, жеті жылдық мерзім бекітілгенін атап өтті. Сонымен бірге, президент өкілеттілігін уақытша атқарушы тұлғаға қайта сайлану құқығы берілмейтіні, келесі президентке Конституцияны өзгертуге парламентті тарату құқығы негізсіз деп танылғанын жеткізді.

Депутат бейбіт жиналыстар мен сөз бостандығы мәселесіне де тоқталып, жаңа Конституция жобасында адам құқықтарының шектелуіне ешқандай негіз жоқ екенін айтты. Атап айтқанда, бейбіт жиналыс өткізу еркіндігі, сөз бостандығы және өз пікірін айту құқығы бұрынғыдай сақталған, тек тұжырымдамалар нақтыланып, құқықтық рәсімдеулер түзетілуде.

Әуесбаев ЖСДП 2013 жылғы бағдарламасында бейбіт жиналыстарды хабарлау тәртібімен өткізу, сөз бостандығын, тәуелсіз БАҚ-ты қорғау және шынайы саяси әртараптылықты қамтамасыз ету қажеттігін тұрақты түрде талап еткенін еске салды. Депутат қазіргі жаңа Конституция жобасы қоғамның сұранысын, халықтан келген нақты идеяларды ескеретінін, ал олардың міндеті реформалардың мазмұнын азаматтарға түсінікті әрі ашық жеткізу екенін айтты.

«Бүгін Конституциялық реформа төңірегінде түрлі эмоция білініп, дабыралы мәлімдемелер көп айтылып жатыр. Алайда менің ойымша, дәл қазір барлығымызға сабыр сақтап, нақты деректерге сүйеніп, мәселенің мәніне үңілу аса маңызды болмақ», – деді депутат.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *