Назарбаев дәуірінде сотталған Матаевтар ақталды

Саясат
view 329
news

Қазақстанның Жоғарғы соты Назарбаев дәуірінде сотталған журналист Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевты толық ақтап шығарды. «Жаңа Қазақстандағы» бұл жаңалықты азаматтық қоғам, медиа саласының өкілдері зор қуанышпен қабылдады.  ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, Жоғарғы сот сейсенбі күнгі отырысында астана сотының 2016 жылғы 9 желтоқсандағы үкімін жойған. Сондай-ақ Матаевтарға қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекетінен шеккен зардабын өтетуге құқығы бар екенін де жариялады. Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев 2016 жылы сотталған болатын. Оларға «қаржы жымқырды» деген айып тағылған. Қазақстанда да, шетелде де саяси астары бар деп танылған іс бойынша бірнеше жыл бойы Матаевтардың кінәсі дәлелденбеді, алайда бұл «Ескі Қазақстан» сотының айыптау үкімін шығаруына кедергі болған жоқ. Сонымен қатар, Матаевтарды тапсырыс бойынша қудалауға қатысушылардың ешқайсысы әлі жазаланған жоқ. 2022 жылдың 5 шілдесінде осы істің адвокаты Өтебеков Бас прокуратура Матаевтарға қатысты әділетсіз үкімге наразылық бергенін хабарлады. 8 шілдеде Сенат пен Мәжілістің бірқатар депутаттары Матаевтардың толық ақталуына үміт артып, тиісті мәлімдемеге қол қойғаны белгілі болды. Қылмыстық іс қозғалғалы бері әкелі-балалы қос журналист қудалаудың саяси астары бар екенін айтып, өз кінәсіздігін дәлелдеуге тырысты. Бір мәлімдемесінде Сейітқазы Матаев «Қазақстан журналистер одағы, ұлттық баспасөз клубы және ҚазТАГ ақпарат агенттіктеріне тексеру арқылы қысым жасаған адам» ретінде Нұрлан Нығматулинді атаған болатын. Ендігі қадам «Жаңа Қазақстанның» құзырында.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *