«Қайта оралған Америка». Байденге сенім мен рейтинг азая бастады
Саясат
207
Ipsos әлеуметтану қызметі жүргізген сауалнама нәтижесінде АҚШ президенті Джо Байденді қоғамдық қолдау деңгейі 36%-ға дейін төмендеген. Бұл бір жылдары Трамп ұсынған «Ең алдымен – Америка!» ұранынан бас тартып, ұстанымын «Қайта оралған Америка» деп жариялаған Байден билігіндегі ең төменгі көрсеткіш. Ақ үйдің кілтін қолға алған жылы саяси аренадағы рейтингі едәуір артқан Байденнің президенттік көрсеткішінің кенеттен құлдырау себебін қарастырып көрелік.
Саяси аренада АҚШ-тың қайта көш бастайтынына уәде берген Байден биліктегі бір жылда өз бағытын анық көрсетті. Бірінші кезекте коронавирусқа қарсы күрес жүргізуді қолға алған ол ішкі саясатқа басымдық бергенін аңғартты. Пандемия басталғалы бері Байден ел халқына бірнеше рет үндеу жасап, марқұмдардың туыстарына көңіл айтуға арнайы уақыт бөліп келеді. Қазір Америкада азаматтарды вакцинациялау қарқыны жоғары. Сондай-ақ АҚШ Конгресімен жүргізілген келісім нәтижесінде ұлттық экономикаға триллион доллар көмек бөлінген.
Сыртқы саясатқа келер болсақ, АҚШ-тың Қытай мен Ресейге қарсы көзқарасы бұрынғыдан да қатаңдатылды. Әлемде басты назарда тұрған «демократия мен автократия жүйесінің қайсысы тиімдірек» деген мәселеде Ақ үй әкімшілігі өз позициясын анық көрсетіп келеді. Байден бұл тұста Ресей коммунистік идеология шырмауынан шыққанмен автократ ел ретінде қалды дейді. Ол Бейжің мен Мәскеуді адам құқықтары өрескел бұзылатын мемлекет деп сынға алып, бірнеше мәрте санкция енгізді. Тіпті, ол сұхбатында Путинді «қандықол қылмыскер» санайтынын да ашық айтты.
Байден саясатын сараптағанда, АҚШ ұлттық қауіпсіздік стратегиясын да ескеру керек. Аталған құжатта АҚШ-тың сыртқы саясаты Америкадағы аз топтар емес, жалпы көпшілікке қызмет етуі тиіс деп жазылған. Нәсілшілдік пен дискриминацияны жою, климаттың өзгеруімен күрес, адамдардың тұрмысын жақсарту сияқты мәселелерге ерекше назар аударылады. Стратегияда Еуропа пен Азия елдерімен одақтық қарым-қатынасты дамытудың маңыздылығы бірнеше рет атап өтіледі. Құжатқа Байденнің сайлау алдында берген уәделерінің бірі – халықаралық демократиялық форум өткізу ұсынысы енгізілген. Ол авторитарлық тенденциялар күшейген шақта демократияны қорғау мәселелеріне арналуы тиіс. Байденнің тұсында АҚШ-тың сыртқы саясаты көпжақтылық пен дипломатияға көбірек жүгініп, Вашингтонның басты одақтастарымен байланыстары қалпына келтірмек. Бұған қоса Байден өзге елдермен бұрынғыша одақтастуға уәде беріп отыр. Солардың ішінде Азия-Тынық мұхит аймағындағы мемлекеттер бар. Ал Орталық Азия тақырыбында Байден С5+1 саясатын жалғастырары анық.
Дегенмен...
Reuters агенттігінің мәліметінше, таяуда өткізілген жалпыұлттық сауалнама нәтижелері бойынша Байденнің рейтингі бір апта ішінде 3%-ға төмендеген. Дауыс берушілердің 59%-ы қазіргі президент саясатын құптамайды. Мұнымен қатар, Демократиялық партияда Байденді қолдау деңгейі де құлдыраған: көрсеткіш өткен аптада 74% болса, қазір 69%. Республикалық партия өкілдерінің 11%-ы ғана Байденге сенім артатындығын білдірген. Онлайн режимде жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға 437 демократиялық және 377 республикашыл партия өкілдері қатысқан. Олардың пікірінше, Байден жүргізіп отырған саясатқа сын пікірлердің артуына инфляцияның өсуі әсер еткен. 35 жылдан астам Делавэр штатының сенаторы қызметін және Американың 44-ші басшысы Барак Обаманың әкімшілігінде вице-президент қызметін атқарған Джо Байден демократиялық партияның тәжірибелі өкілі саналады. Ол экс-президенттің бірнеше жобасынан бас тартқан АҚШ тарихындағы ең қарт президент (79 жаста-ред.) ретінде тарихта қалмақ.
Пікірлер (0)