Ұлт көшбасшысы, Елбасы және халық қаһарманы: Орталық Азия президенттерінің атақ-лауазым жарысы
Саясат
1115
Орталық Азиядағы мемлекет басшыларының кейбірі тек президент қана емес, ұлт көшбасшысы, халық қаһарманы, ел тарихының негізін қалаушы, тіпті «желеп-жебеуші» атанған. Атақ алу жарысында бірінен-бірі басып озған бұрынғы және қазіргі президенттердің марапаттарын санап көрейік.
Қазақстанда отыз жылға жуық президент болған Нұрсұлтан Назарбаев билік еткен тұста бірнеше атақ-лауазымды иеленген. 2019 жылы отставкаға кеткен ол «Халық қаһарманы» атағын алып, «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденімен марапатталған.
2000 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» заңынан кейін оның үстемдігі «суперпрезиденттік» деңгейге жетті десек артық болмас. Мұнымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясына және Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп, Конституциялық кеңестің мүшесі болған. «Құрметті сенатор» атағы тағы бар.
Бір қызығы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша көтерілген бастамалар тұңғыш президент – Елбасымен келісіліп жүзеге асырылып отырды.
Елде бүкілхалықтық президент сайлауы бес рет – 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өткізілді. Оның үшеуі (1999, 2011 және 2015 жылдары) белгіленген мерзімінен бұрын өткен. Назарбаев осы сайлаулардың барлығында «басым дауыспен» жеңіске жетіп отырған.
Биыл «қанды қаңтар» оқиғасынан кейін Назарбаевтың билікке үстемдігі бұрынғыдан өзгерді. Оның жақындары мен айналасындағы шенеуніктер, кәсіпкерлер түрлі себеппен қызметтерінен шеттетіліп, ықпалынан айырыла бастады. Қазіргі президент Тоқаевтың бастамасымен 5 маусымда өткен референдумның ресми қорытындысы бойынша, Назарбаев өзі билікте болған кезде Конституцияға енгізілген ерекше статусынан айырылды.
2019 жылдан бері президенттік қызметтегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың (экс-президентпен салыстырғанда) әзірге асқан наградалары жоқ. Бұған Тоқаевтың президенттік мерзімнің соңына дейін отандық және шетелдік марапаттарды алмау туралы шешімі себеп болса керек.
2015 жылы Тәжікстан да «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Елбасы туралы» заңды қабылдады. Заңға сәйкес, президент Эмомали Рахмон Тәжікстан халқына сіңірген еңбегі үшін бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы деп танылған.
Заңда көрсетілгендей, Ұлт көшбасшысы Тәжікстан халқы мен мемлекеті алдындағы көрнекті тарихи қызметтері үшін бірқатар өмірлік құзыретке ие. Мұндағы негізгі басымдық – тәжік басшысының иммунитетке құқығы. Ол Жоғарғы кеңес төрағасының, мемлекет басшысының өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде жауапкершілікке тартылмайды.
Парламент Рахмонға «егеменді Тәжікстан мемлекетінің, бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы» мәртебесін де берген.
Түркіменстандағы бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедовке берілген атақ-абырой «суперпрезиденттіктің» шарықтау шегі сынды. Мұндағы бір парадокс: «Ұлт көшбасшысы туралы» немесе «Арқадағ туралы» заң жоқ, бірақ президентке берілген атақ-лауазым, ордендердің саны көп. Мысалы, ол – «Түркіменстанның атбегісі», «Елге еңбегі сіңген архитектор».
[caption id="attachment_1247" align="alignnone" width="834"] «Арқадағ» Гурбангулы Бердімұхамедов. Фото: ашық дереккөз[/caption]
Ресми түрде екі атаққа ие болған экс-президент – ұлт көшбасшысы және сөзбе-сөз «меценат, желеп-жебеуші» мағынасын білдіретін «Арқадағ» саналады. Ел экономикасы құлдыраған тұста, 2019 жылы оның ордендерінің қатарына «Құрметті ақсақал» төсбелгісі қосылды. Бердімұхамедовке бұл атақты беруді «халық өтінген».
Мәліметтер бойынша, ол әлемнің бірқатар университеттері мен академияларының құрметті докторы және академигі. Экономика ғылымдарының докторы, Түркіменстан Ғылым академиясының академигі лауазымы да бар. Шетелдің және өз мемлекетінің орден, медальдарымен марапатталған.
2009 жылы маусымда Ашхабадта Бердімұхамедов мұражайы ашылды. 2011 және 2017 жылы ол Түркіменстан батыры атанып, «Алтын ай» алтын медалімен марапатталған. Сондай-ақ 2015 жылы қала орталығындағы жаңа саябаққа «Арқадаг» атауы берілді. Елдің бірінші президенті Сапармұрат Ниязовке батыр атағы бес рет берілген.
Былтыр Гурбангулы отставка кетіп, өз орнына ұлы Сердар Бердімұхамедовты тағайындады. Әкелі-балалы екеудің биліктегі үстемдігі уақыт өте артып келеді.
1994 жылы Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов «Өзбекстан қаһарманы» атағын алып, «Тәуелсіздік» және «Әмір Темір» ордендерімен марапатталған.
Ислам Каримов бір мәлімдемесінде: «Біз ерекше де қайталанбас табиғаты, еңбекқор, жомарт халқы бар әсем елде тұрамыз. Мұндай елде туып, өмір сүру әркімге үлес бола бермейді. Осы ұлы нығметке лайық болу, Отанға, халқымызға адал қызмет ету – бәріміз үшін үлкен бақыт. Мен өз өмірімнің барлық мәнін бір ғана нәрседен көремін – ұлы халқымның бақыты мен гүлденуі жолында аянбай, адал қызмет ету», – деген болатын.
Елдің қазіргі президенті Мирзиеев өз әріптестерінің ұлт көсемі, татулық пен ел бірлігінің негізін қалаушы, халық қаһарманы сынды атақтарынан «хабарсыз» тәрізді. Себебі оның Конституцияға сәйкес президент атағы ғана бар.
Бүгінге дейін Қырғызстан тарихында екі күн президенттің міндетін атқарушы Ишенбай Қадырбековті есептемегенде, алты адам ел президенті болды. Орталық Азиядағы «демократия аралы» саналатын Қырғызстанның жаңа тарихында президент болған саясаткерлер атақ, төсбелгі алуды әзірге тұспалдаған да жоқ.
Пікірлер (0)