Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омар алты жылға сотталды
Фотосурет: gov.kz
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық сот.
Эск-шенеунікке қатысты іс Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Тағылған айып - алаяқтық және пара алу.
"Сотталушы Жақсылық Омар жәбірленушіні "Toyota Camry 75" автокөлігін алу мақсатына алдап, оған тиесілі автокөлікті сатудан түскен 13 млн теңгені иемденген. Сонымен қатар сотталушы жауапты мемлекеттік лауазымды атқара отырып, қалалық әкімдіктің қызметкерінен жалпы қамқорлығы үшін 20 млн теңге көлемінде пара талап еткен. Кейін оның 6 млн теңгесі үшінші адам арқылы берілген", - дейді сотта.
Сотталушының кінәсі толық дәлелденген. Прокурор Жақсылық Омарға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталшы кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмауды өтінді.
"Жақсылық Омардың әрекеттері ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары санатына жатады. Жауаптылықты ауырлататын мән-жай - қабылдаған антын бұзғаны. Сот оны кінәлі деп таныды. Сотталушының мүлкін тәркілеу және 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды", - дейді Шығыс Қазақстан облыстық сотында.
Жақсылық Омар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, ақпан айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жақсылық Омарға қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Жақсылық Омар 2018 жылдан 2024 жылға дейін Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарды. 2025 жылдың сәуірінен бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.
Пікірлер (0)