Оралда полицейлер тұрғынды алаяқтардың қақпанына түсуден құтқарды
Фото: полиция
Оралда полиция қызметкерлері алаяқтардың арбауына сеніп қалған ер адамның 1,3 миллион теңгесін сақтап қалды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қаладағы сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде кезекшілік жүргізіп жүрген тәртіп сақшылары терминал жанында телефонмен сөйлесіп, уайымдап, асығыс әрекет жасап тұрған ер адамға назар аударған.
«Оның әрекеті күмән тудырды. Біз араласып, телефонның ар жағында алаяқтар болуы мүмкін екенін түсіндірдік. Бірақ ер адам ақшаны жіберуге табандап тұрды. Тіпті, өзін “Тамара” деп таныстырған әйел ешкімді тыңдамауға үгіттеп, бірнеше минуттан соң “қызы” мен “ұлы” да әңгімеге қосылды», – дейді полицейлер.
Кейін анықталғандай, алаяқтар бірнеше күн бойы ер адамға қоңырау шалып, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар оның жинағына «қауіп төніп тұрғанын» айтып сендіріп, қаржысын «қауіпсіз есепшотқа» аударуды талап еткен.
Дегенмен, дер кезінде жасалған шаралардың арқасында 1,3 миллион теңгенің қолды болуына жол берілмеді.
Қазір Батыс Қазақстан облысында телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу үшін полиция мен күзет қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әсіресе халық көп шоғырланатын орындарда — банкоматтар мен сауда орталықтарында түсіндіру шаралары жүргізілуде.
Пікірлер (0)