«Өзінің сөзі емес»: Мұхтар Шахановтың Кремльде сөйлеген сөзін кім жазып бергені белгілі болды

Жаңалықтар
view 164
news

Фотосурет: Arasha.kz

Танымал ақын, диссидент әрі қоғам қайраткері Арон Атабектің қызы Алма Нутушева әлеуметтік желідегі парақшасына әкесіне қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Malim.kz-ке сілтеме жасап.

Жазбада Алма Нутушева әкесі Арон Атабектің дүниеден өткеніне қарамастан, әлі күнге дейін ресми түрде ақталмауы қоғамда кең талқылауға себеп болып отырғанын атап өткен. Оның айтуынша, Желтоқсан оқиғасынан кейін қатысушыларға репрессия құрбандары мәртебесін беру мәселесінің көтерілуіне тікелей ықпал еткен негізгі тұлғалардың бірі – Арон Атабек.

Арон Атабектің тіпті қайтыс болғаннан кейін де ақталмауы бүгінге дейін қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр! Желтоқсан оқиғасынан кейін адамдардың репрессия құрбандары мәртебесін алуына Арон Атабектің тікелей еңбегі сіңді. Кремльде Мұхтар Шаханов оқыған хаттың авторы – дәл осы Арон Атабек. Арон мен оның бауыры Рашид Нутушев өз өмірлеріне зор қауіп төнгеніне қарамастан, Мәскеуге баруды ұйымдастырды. Бұл қадам тарихтың бағытын түбегейлі өзгертті. Бүгінде Қайрат Рысқұлбеков сияқты Желтоқсан қаһармандарының есімдері көшелерге беріліп жатыр. Ал Арон Атабек ше? Егер ол болмағанда, ештеңе болмас еді! Менің әкем – Арон Атабек, оның бауыры Рашид пен Хасен Қожахмет 1986 жылы алаңға алғашқылардың бірі болып шықты. Қаза тапқандарға аза тұту рәсімін өткізуді, Желтоқсан оқиғасына әділ баға беруді алғаш талап еткен де – Арон Атабек. Арон Атабектің арқасында Алматы қаласының Алатау ауданы құрылып, бүгінгі күнге дейін дамып келеді, – деп жазды Алма Нутушева.

Еске сала кетсек, Арон Атабек (1953-2021) – қазақстандық оппозициялық қозғалыстың көрнекті өкілі, ақын, публицист және қоғам қайраткері. Ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, кейін бұл тарихи оқиғаға әділ саяси баға берілуін талап еткен белсенділердің алдыңғы шебінде болды. 1989 жылы Кремль мінберінде Мұхтар Шаханов оқыған әйгілі хаттың авторларының бірі ретінде танылды.

Арон Атабек «Жерұйық», кейін «Алаш» ұлттық қозғалыстарын ұйымдастырып, қазақ мемлекеттілігі мен ел егемендігін ашық қорғады. Саяси қысымға ұшыраған ол 90-жылдары Мәскеу мен Әзербайжанда эмиграцияда өмір сүрді. 2000-жылдары Алматыдағы Шаңырақ, Бақай сынды шағынаудандар тұрғындарының баспана құқығын қорғау ісіне белсенді түрде араласты.

2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін Арон Атабек қамауға алынып, 18 жылға сотталды. Құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп танып, үкімді саяси астары бар шешім ретінде бағалады. Қатаң түрме жағдайына қарамастан, ол өлең жазып, публицистикалық мақалалар жазуын тоқтатпады. 2021 жылы денсаулығына байланысты бостандыққа шығып, сол жылдың 24 қарашасында Алматы қаласында дүниеден өтті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *