Президент зорлау мен кісі өлтіру үшін өлім жазасын қарауға кірісті

Жаңалықтар
view 25
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Ыстықкөлде 17 жастағы Айсұлудың өліміне байланысты қылмыстық іс қазір Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жеке бақылауында тұр, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Асқат Алагөзовтың хабарлауынша, президент әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен адам өлтіру қылмыстары үшін өлім жазасын енгізу мүмкіндігін қарастыратын заңнамалық өзгерістер әзірлеуді тапсырды. Садыр Жапаров мұндай ауыр қылмыстарға қатысты жаза барынша қатаң болуы керектігін атап өтіп, Президент Әкімшілігінің Құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Мұрат Укушевке тиісті түзетулер дайындауды жүктеген. Оның айтуынша, әйелдер мен балаларға қарсы жасалған қастандық үшін қылмыскерлер ешқашан жазасыз қалмауы тиіс.

Айсұлу 27 қыркүйекте көрші ауылдағы құрбысына кеткеннен кейін жоғалып кеткен. Екі күннен соң, 29 қыркүйекте, оның денесі Боом шатқалынан табылды. Тергеу барысында 41 жастағы Бішкек тұрғыны ұсталып, ол жасөспірімді ұрлап, зорлап, өлтіргенін мойындады. Күдікті мәйітті әуелі Ыстықкөлге көміп, кейін қайта қазып алып, Боом шатқалына апарып тастағанын айтқан.

Жәбірленушінің отбасы күдіктінің бұған дейін де жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін айыпталғанын, бірақ жазадан құтылып кеткенін мәлімдеді. Олар бұл жолы да қылмыскердің жауапкершіліктен жалтарып кетуінен алаңдаулы.

Бұл қайғылы оқиға қоғамда зор резонанс тудырып, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнаманы қатаңдату қажеттілігін айқын көрсетті.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *