"Қайнаған суға шомылдырды": 19 жастағы әйел төрт жыл бойы күйеуінен зәбір көріп келген
Фото: Время
19 жастағы қарағандылық қыз төрт жыл бойы күйеуінен қорлық көріп, зорлық-зомбылықтың құрбаны болып келген. Танысқан кезде Риза 16 жаста, күйеуі 32-де болған. Әдемі таныстық пен қымбат сыйлықтардың артында абьюзерлік қарым-қатынас, зорлық-зомбылық пен тәуелділік тұрғанын жас қыз білмеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі “Время” порталына сілтеме жасап.
Риза 16 жасында 32 жастағы күйеуімен спорт залында танысқан. Мектептен қарсы алып, сыйлықтар беріп, көңіл бөліп жүріп арада үш ай өткенде ер адам қызға алғаш рет қол көтерген.
Алғашында гүл сыйлап, әдемі көңіл бөлді, тіпті ата-анамның сеніміне кірді. Әрине, олар қарсы болды, бірақ мен оны қатты жақсы көргенім соншалық олар маған кездесуге тыйым сала алмады. Алайда үш айдан кейін алғаш рет маған қол көтерді. Қатты соққыға жықты. Мен әлеуметтік желіде сыныптасымның суретіне лүпіл басқан едім. Алғаш рет соққыға жыққанда, мені қала сыртына алып кетті. Егер айтқанымды істемесе, әрдайым осылай жасайтынын айтып қорқытты, – дейді қыз.
Оның айтуынша, ер адам не істесе де жауапқа тартылмайтынын, таныстары барын, бұрын арнайы жасақта жұмыс істегенін айтқан.
Ол мені пластик құбырмен ұрды. Мен айқайладым, бірақ біз айдалада едік, – дейді Риза.
Кейін ол ер адамның өзін зорлағанын айтты. Алайда ұялғандықтан бұл туралы ешкімге айтпаған. Көп ұзамай ол жүкті болып, 17 жасында тұрмысқа шыққан. Сол сәттен бастап күйеуі оның бүкіл әрекетін бақылауға алған: телефоны, жүріп-тұруы, жұмысы қадағаланған. Қарсыласса жанжал шығып, соңында ұрып-соққан.
Ризаның сөзінше, күйеуі оны ұрып-соққаннан кейін ештеңе болмағандай жүре беретін немесе бәріне Ризаны кінәлі еткен.
Ең ауыры – психологиялық қысым болған. Ашуланып, агрессия көрсеткен соң “қамқорлық” танытатын. Яғни, жанжалдан кейін сыйлық береді, момын бола қалады. Осылайша, мені өзіне тәуелді етті, – дейді қыз.
Сондай-ақ ол бала дүниеге келген соң жағдай мүлдем қиындағанын айтты.
Бала кездейсоқ ыстық шайға күйіп қалған кезде болған жағдайды менен көрді. Ол мені жуынатын бөлмеге кіргізіп, үстіме қайнаған су құйды. Мен кете алмадым. Бастапқыда оған деген сезімнен, кейін қорқыныштан қалып қойдым. Сондай-ақ мен оған түгелдей қаржылай тәуелді болдым, – деп мойындады Риза.
Риза төрт жыл бойы күйеуіне тегін жұмыс істеген. Оның барлық талап-тілектерін орындап, соққыға жығылғанын ешкімге айтпай, шағым түсірмеген.
Мені кез келген ұсақ-түйек үшін кінәлі ететін. Бірде оған менің қарағаным ұнамай қалады, бірде тамақты дәмсіз істедің дейтін, енді бірде дұрыс сөйлемедің дейтін. Ол манипуляция арқылы мені интимдік видео түсіруге мәжбүрледі. Мұны маған "осылай кінәңді жуып-шаясың" деп түсіндірді. Кейін сол видеолармен бопсалап, сот арқылы ұлымнан бас тартуға мәжбүрледі, – дейді ол.
Алайда биыл көктемде күйеуі Ризамен ажырасатынын айтқан. Жәбірленушінің айтуынша, ер адам бизнесін кеңейтпек болып, Ризамен мүлікті бөлісуге тура келер деп ойлаған. Ал Риза қорқып жүрген кезде ол мүлікті бөліспей-ақ ажырасуды рәсімдеп, баласын да алып қойған.
Ұлым үшін мен одан кетпедім, тіпті ажырасқаннан кейін де жанында болдым. Бірақ жағдай күннен күнге ушыға берді. 8 сәуірде мені спорт клубында жұмыс істейтін жаттықтырушыға бутерброд алып бергенім үшін соқты. 9 және 10 сәуірде де қатты ұрып, ақыры мен ауруханаға түстім. Көкбауырымды алып тастады, – дейді Риза.
Бұл жолы ол жарақаттың себебін жасырмай, полицияға жүгінді. Нәтижесінде оның бұрынғы күйеуі тергеу изоляторына қамалды, өзі дағдарыс орталығына орналастырылды.
Риза қорқудан шаршадым дейді. Егер осылай жалғаса берсе, күйеуінің қолынан өлем бе деп қорқады. Ол күйеуінің сотталуын қалайды. Ұлы Ризаның ата-анасының жанында.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оған жан-жақты көмек көрсету мақсатында полиция қызметкерлері оны уақытша дағдарыс орталығына орналастыру туралы шешім қабылдады. Онда оған қажетті психологиялық және заңгерлік қолдау көрсетіледі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу кезеңінде қауіпсіз уақытша баспана беріледі, – деп мәлімдеді полиция.
Пікірлер (0)