Қалыңдығына барған жігітті ұрып өлтіргендер сотталды: марқұмның туыстары шешімге наразы

Жаңалықтар
view 95
news

Фотосурет: otyrar.kz

Қалыңдығына барған жігіттің өліміне қатысты үкім оқылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі POLITICO.KZ-ке сілтеме жасап.

Түркістан облысында 30 жастағы Азиз Құралбаевтың өліміне қатысты шулы іс бойынша сот үкімі шықты. Көрші ауылдағы қалыңдығына барған жігітті бір топ адам соққыға жығып, салдарынан ол 3 айдан кейін комада жатып көз жұмған еді.

Еске сала кетсек, қайғылы оқиға өткен жылдың 11 қарашасында Мақтаарал ауданында болған. Қоңырат ауылының тұрғыны Азиз Құралбаев көрші ауылдағы қалыңдығына кездесуге барады. Туыстарының айтуынша, ол ешкімге зияны жоқ, момын, көпшіл жігіт болған.

Сол күні жігіт үйіне қайтып келе жатқанда, жолын бірнеше жас жігіт тосып, «Біздің қыздарға неге келіп жүрсің?» деп сөзге тартқан. Азиз кетіп қалмақ болғанда, олар оны қуып жетіп, көліктен сүйреп шығарып, ауыл шетінде соққыға жыққан. Жәбірленуші қашпақ болған кезде сотталушылардың бірі Мықтыбек оны қуып жетіп, басынан бірнеше рет тепкен. Бас-миынан ауыр жарақат алған Азиз есінен танып қалған.

Бұзақылар алдымен ес-түссіз жатқан Азизді далада қалдырып кетпек болады, бірақ кейін ауруханаға өздері жеткізген. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, Азиз комаға түсіп, 3 айдан кейін ауруханада қайтыс болды.

Бұл іс бойынша 6 адамның төртеуі сотқа тартылды. Сот басты күдікті Ақназар Жеңісұлы Мықтыбекті «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Қалған 3 сотталушы «Бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 3 жылға сотталды.

Бастапқыда сотталушылардың біріне де «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылған болатын. Алайда дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты оның ісі «Бұзақылық» бабына ауыстырылған.

Үш жылға сотталған үшеуіне де рақымшылық туралы заң қолданылған. Сонымен қатар, олардың тергеу изоляторында өткізген әрбір күні 1,5 күн болып есептеледі.

Марқұмның туыстары соттың бұл шешімімен келіспей отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *