«Қатын құтырған заман болды!»: Белгілі ақын билік қазақ отбасын ойрандап отырғанын айтты (ВИДЕО)
Фото: видеодан скрин
Белгілі ақын Бақыт Беделхан журналист Қанат Тілеуханға берген сұхбатында қоғамдағы отбасы құндылығы туралы сөз қозғады, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Отбасын ірітуге әкеледі»
Ақынның пікірінше, психологсымақтар өз «кеңестерімен» әйелдердің санасын өзгертіп, отбасындағы тепе-теңдікті бұзып жатыр.
Қатын құтырған заман болды. Оны кім құтыртты? Психологтар!
...Қасиетті шаңырағын, отбасын ұстап, мына заманда өздері әрең жүрген әйелдер осындай психологтардың айтқанын тыңдап, шынжырынан босаған ит сияқты гу ете қалады. Билік отбасылық заң шығарып, оған мүмкіндік жасап берді. Әйелге ұрысқан, ұрған еркек жауапқа тартылады. Әйелдерді одан сайын құтыртты. Бұл не? Қазақ отбасын саналы түрде ойрандау! – дейді Бақыт Беделхан.
Сондай-ақ ақын психологтар әйелдерге «еріңе қызмет етуге міндетті емессің», «ата-енең саған ешкім емес», «өмірге бір-ақ рет келесің, өз қызығыңа өмір сүр» деген кеңестерді тым үстірт әрі жауапсыз айтатынын жеткізді.
Осыны естіген кейбір әйелдер шынжырынан босап кеткендей күйге түседі. Эго өседі, отбасындағы тәртіп пен сыйластық әлсірейді, – дейді Бақыт Беделхан.
Ақынның айтуынша, биліктің әйелдерді тым «қорғауға» бағытталған заңдары да отбасыдағы тепе-теңдікке кері әсер етеді.
Осының бәрі қазақ отбасын жүйелі түрде ірітуге әкеледі. Бұл – бірлікке, отансүйгіштікке балта шабу! – дейді ол.
«Халықтың санасын шатастырады»
Бақыт Беделханның айтуынша, бірінен соң бірі ажырасып жатқан танымал әйелдердің айтқандары шалғай ауылда жатқан әйелдерге де әсер етіп, олардың санасын шатастырып жібереді.
Лентаңды ашсаң, алдымен Мөлдір Мұқанова мен Дариға Бадықова шығып тұрмай ма деп қорқамын. Олардың айтқандары шалғай аймақтағы халықтың санасын шатастырып жібереді. Әйелдер өзін оларға теңеуге тырысады, бірінен қалмауды мақсат етеді, – дейді ол.
Сонымен қатар ақын қазіргі күйдегі қоғамда отбасы құндылығы «әйелдердің проблемасы» деген түсінікке айналып кеткені қынжылтатынын, сондықтан отбасы тәрбиесі мен ұлттық дәстүрлерді мемлекет деңгейінде қайта қарауды, депутаттардың да бұл мәселеге салмақты көңіл бөлуін сұрайды.
Пікірлер (0)