Қазақстан – цифрлық бодан ел – Тимур Бектұр
Фотосурет ЖИ
Қазақстанда жасанды интеллект саласы дамып жатыр ма? Бұл сұраққа ІТ саласының маманы, сарапшы Тимур Бектұр өзінің Facebook-тегі парақшасында жауап берді. Оның айтуынша, елімізде ЖИ-дың «исі де жоқ», біз тек дайын өнімді импорттап отырмыз, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бізде автомобиль саласы дамыған ба? Жоқ. Феррари мінсек те, УАЗ мінсек те сатып аламыз. Смартфон жасау дамыған ба? Жоқ. Андроид та, Айфон да – сатып алғанымыз. Дәл сол сияқты ЖИ құралдарын да тек тұтынушымыз, – деп жазды сарапшы.
Ол жасанды интеллекттің мәнін түсіндіріп өтті. Айтуынша, бұл – машинаны үйрету (machine learning) және терең үйрету (deep learning) бағыттарына негізделген нейрожелілер. Ал мұндай модельдерді дамыту үшін дата-инженерлер, дата-сайнтистер, дата-аналитиктер қажет.
Қашан ЖИ дамыды дей аламыз?
Тимур Бектұрдың айтуынша, елімізде ЖИ дамыды деу үшін:
- Magnum, Small, Anuar сияқты сауда желілері өздерінің машинаны үйрету модельдерін енгізуі керек;
- «Қайрат», «Каспий» секілді спорт клубтары өз штатында дата-аналитиктерді ұстауға тиіс;
- Әрбір медициналық ұйым, университет және мемлекеттік мекеме деректерді талдауды әдетке айналдыруы қажет.

Мен АҚШ-та оқып жүргенімде Бостон метросында Boston Celtics баскетбол клубының дата-аналитик вакансиясын көрдім. Бұл – дамыған елдер үшін қалыпты жағдай, – дейді ол.
«Дамыған елдерде – норма, бізде – жоқ»
Сарапшы мысал келтіреді: ИКЕА компаниясы тұтынушы қоржынын болжау үшін бір емес, төрт ЖИ моделін қолданады. Өздерінің big data базасын пайдаланады. Ал Қазақстандағы Technodom, Mechta сияқты сауда желілерінде мұндай технология жоқ.

Динамикалық баға – біз үшін жоқ нәрсе. Бізде тек қымбаттата беру саясаты ғана бар. Адамдар амалсыз алады. Өйткені «ертең бүгіннен де қымбат болады» деген – біздің жалғыз «оқыту технологиямыз», – дейді Тимур Бектұр.
«ЖИ – домино эффектісі бар сала»
Егер әрбір стоматология, дәріхана, мейрамхана, автосалон деректерді талдауды бастаса, онда дата-инженерлерге сұраныс артады. Big Data үшін дата-орталықтар, серверлер, жүйелік администраторлар, ІТ қауіпсіздік мамандары қажет болады.

Бұл – миллиардтаған қаржысы бар сала. Бірақ 20 жылдық тәжірибемде Қазақстанда ондай дүмпу байқамадым. ЖИ-ды айтпағанда, ІТ саласының өзі әлі дамыды деп айта алмаймын, – деп жазды сарапшы.
Оның айтуынша, елде жасалуға тиіс жұмысты біз шетелге сатып жатырмыз. Елде қалуға тиіс қаржы сыртқа кетті.
Біз барлық ІТ қызметті импорттаймыз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан – цифрлық бодан ел, – деді Тимур Бектұр.
Пікірлер (0)