Қазақстан инклюзивті білім берудің жаһандық орталығына айналады

Жаңалықтар
view 27
news

Фотосурет: Оқу-ағарту министрлігі

Қазан айында Алматыда инклюзивті білім беру бойынша алғашқы дүниежүзілік конгресс – WorldInclusion Congress 2025 (WIC 2025) өтеді. Бұл ауқымды халықаралық шара инклюзивті және арнайы білім беру саласында тәжірибе алмасудың және стратегиялық шешімдер қабылдаудың негізгі алаңына айналмақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Алматыға жұмыс сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат порталы.

Конгреске әлемнің 50 елінен 400-ден астам өкіл – білім министрлері, ғалымдар, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.

Неліктен Қазақстан?

Конгресті өткізу орны ретінде Алматыны Инклюзивті білім беру жөніндегі халықаралық одақ (IFIP) таңдады. IFIP-тің 135 мүше мемлекеті арасынан Қазақстанды таңдау – еліміздің инклюзивті және арнайы білім беруді дамытудағы жүйелі қадамдарының нәтижесі және қол жеткізген прогрестің мойындалуы.

Мемлекеттік деңгейдегі мынадай жүйелі шаралар қабылдануда:

  • 2023 жылдан бастап арнайы білім беру ұйымдарының желісі екі еседен астам ұлғайды – 213-тен 508-ге дейін;
  • мектептердің 90%-ында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жағдайлар жасалған;
  • балалардың 85%-ы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған;
  • мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінде жаңа лауазымдар енгізілді – «педагог-ассистент», «арнайы педагог», «жеке көмекші»;
  • психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру, түзету кабинеттері, оңалту орталықтары мен аутизм спектріндегі балаларды қолдау орталықтары үшін жеке типтік штаттар бекітілді;
  • техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мүгедектігі бар азаматтарды қабылдау квотасы 1%-дан 10%-ға дейін артты;
  • ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасы әзірленуде.

Жаңа халықаралық алаң

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, Конгрестің өткізілуі жүйенің дамуына жаңа серпін береді.

WorldInclusion Congress 2025 – инклюзивті білім беру саласындағы осындай жоғары деңгейдегі алғашқы халықаралық бастама. Конгрестің Қазақстанда өткізілуі – әділ және инклюзивті қоғам құруға деген адалдығымызды, білім беру реформаларының жетістігін және инновациялардың енгізілуін көрсетеді. Халықаралық корпоративтік көшбасшылардың қатысуы стратегиялық мүмкіндіктерге жол ашады, біздің тәжірибемізге назар аударып, жаңа инвестициялар тартады, – деді министр.

Конгрестің ерекшеліктері WIC 2025 педагогикалық инновацияларды, заманауи технологияларды және бизнесті біріктіреді. Бағдарламада пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, шеберлік сабақтар және әлемдік сарапшылардың мотивациялық сөз сөйлеулері бар. Ерекше назар жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау үшін қолдануға аударылады. Алматы декларациясы Конгрестің басты қорытындысы – Алматы декларациясы болады. Онда инклюзивті білім беруді әлеуметтік әділеттіліктің, тең мүмкіндіктердің және орнықты дамудың негізі ретінде дамыту жөніндегі халықаралық міндеттемелер бекітіледі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *