Қазақстан жаһандық бастамалар ұсынатын мемлекетке айналды – саясаттанушы

Жаңалықтар
view 38
news

Фотосурет: akorda.kz

Қазіргі жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы мен бітімгершілік бастамалары ерекше мәнге ие. Саясаттанушы Марат Шибұтов еліміздің көпвекторлы бағыты, халықаралық миссияларға қатысуы және жаһандық қауіпсіздікке қосып отырған үлесі туралы пікір білдірді, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Мәке, қазіргі геосаяси ахуал күрделеніп тұрған кезеңде Қазақстанның жаһандық және бітімгершілік бастамаларын қалай бағалайсыз?

Бүгінгі әлемде тұрақсыздық, өңірлік қақтығыстар мен геосаяси текетірестер күшейіп отыр. Мұндай жағдайда Қазақстанның ұстанған бағыты – барынша прагматикалық әрі өзекті. Еліміз алғашқы күннен бастап көпвекторлы саясат жүргізіп, түрлі күш орталықтарының арасында теңгерімді сақтауға тырысты. Бұл бағыт тек ұлттық мүддені қорғау емес, сонымен бірге жаһандық тұрақтылыққа үлес қосу деген сөз. Қазақстанның бейбітшілік пен диалогқа негізделген бастамалары халықаралық қауымдастық тарапынан оң қабылданып келеді.

Қазақстанның бітімгершілік миссияларға қатысуын қаншалықты маңызды деп санайсыз?

Бұл – өте маңызды бағыт. Мәселен, БҰҰ аясындағы миссияларға қатысу Қазақстанның жауапты мемлекет екенін көрсетеді. Біздің әскери қызметшілер тек тәжірибе жинап қана қоймай, халықаралық қауіпсіздікке нақты үлес қосып жүр. Ливан, Голан жоталары, Африка елдеріндегі миссиялар – соның дәлелі. Бұл қадамдар Қарулы Күштердің кәсіби деңгейін арттырып, еліміздің беделін нығайтады.

Сондай-ақ ел билігі түрлі халықаралық форумдарды өткізіп келеді. Бұл қаншалықты тиімді?

Бұл да біз үшін өте тиімді дипломатиялық құрал. Мысалы, Astana International Forum сияқты алаңдар жаһандық мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Мұндай форумдар Қазақстанды тек өңірлік емес, жаһандық диалог орталығы ретінде танытады. Әлемдік саясаткерлер мен сарапшылардың Астанаға жиналуы – елімізге деген сенімнің айқын көрінісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған халықаралық бастамаларға қатысты пікіріңіз қандай?

Президенттің бастамалары қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне жауап береді. Мысалы, «Әділетті әлем, татулық және даму жолындағы жаһандық бірлік» идеясы – көпполярлы әлем жағдайында өте өзекті. Сонымен қатар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау, киберқауіпсіздік, биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ұсыныстар – болашаққа бағытталған стратегиялық қадамдар.

Ал Қазақстанның делдалдық миссиясы туралы не айтасыз?

Қазақстан өзін тиімді медиатор ретінде көрсетіп келеді. Мәселен, Сирия мәселесі бойынша Астана процесі – соның нақты мысалы. Сонымен қатар түрлі өңірлік қақтығыстар бойынша келіссөздер алаңын ұсыну тәжірибесі қалыптасты. Бұл еліміздің бейтарап әрі сенімді серіктес екенін дәлелдейді.

– Оған қоса, жаңа халықаралық форматтар, мысалы, Бейбітшілік кеңесі туралы көзқарасыңызды білсек...

– Мұндай бастамалар қазіргі халықаралық жүйенің трансформацияға ұшырап жатқанын көрсетеді. Егер бұл форматтар нақты жұмыс істейтін механизмдерге айналса, олар жаһандық қауіпсіздік архитектурасын толықтыра алады. Қазақстанның мұндай бастамаларға қатысуы – оның халықаралық саясаттағы салмағы артып келе жатқанын білдіреді.

Жалпы, Қазақстанның жаһандық саясаттағы рөлін қалай сипаттар едіңіз?

Қазақстан бүгінде тек аймақтық ойыншы емес, жаһандық бастамалар ұсынатын мемлекетке айналды. Бітімгершілік миссиялар, дипломатиялық алаңдар, гуманитарлық және экологиялық жобалар еліміздің кешенді сыртқы саясатын көрсетеді. Ең бастысы, Қазақстан тұрақтылық пен диалогтың жақтаушысы ретінде қалыптасып отыр.

Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Ғали ТӨЛЕК

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *