Қазақстанда ірі контрабанда схемалары әшкереленді: ұстау сәтінің видеосы
Скрин видеодан
ІІМ Қазақстанның бірнеше өңірінен қара металды шетелге заңсыз шығару схемаларын әшкереледі, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Елде қолданыстағы тыйымға қарамастан, бірнеше өңірде метал сынықтарын теміржол және теңіз арқылы дайын өнім мен шикізат ретінде заңсыз экспорттаған тұлғалар анықталды", – делінген хабарламада.
Солтүстік Қазақстан облысында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қара металды теміржол арқылы шекаралас мемлекетке "жоғары легирленген болат" ретінде шығарып отырған ЖШС басшысының заңсыз әрекетін тоқтатты.
"Тыйым салынған кезеңде бұл компания елден 1500 тоннадан астам металл сынықтарын заңсыз шығарып, оның жалпы құны 170 миллион теңгеден асқан. Тінту барысында метал базасында шамамен 1000 тонна қара металл, оның ішінде шетелге жөнелтуге дайын жеті вагон анықталды", – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуаныш Алпыс.
Осындай заңсыз схема Маңғыстау облысында да әшкереленді. Бұл өңірдегі бір компания теңіз арқылы қара металды Каспий маңы елдеріне жөнелтіп отырған. Өткен жылы кәсіпорын 400 тоннадан астам металды шетелге заңсыз тасымалдаған. Сонымен қатар, компания аумағында 420 тоннадан астам метал сынығы, соның ішінде екі контейнер анықталып, олар да шетелге жіберуге дайындалған.
"Қазіргі уақытта ІІМ ҰҚК, ҚМА және Бас прокуратурамен бірлесіп, қара және түсті металдардың контрабандасын болдырмау бойынша кешенді шаралар жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады", – деп мәлімдеді Қуаныш Алпыс.
Пікірлер (0)