Қазақстандағы паллиативтік көмек: препараттар тізімі мен стационарлар қуаты кеңейтілді (ВИДЕО)
Фото: Gov.kz
2025 жылы стационарлық деңгейде паллиативтік көмек көрсету тарифі артты, сондай-ақ кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТТМК) шеңберінде мобильді бригадаларды қаржыландыру көлемі ұлғайтылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл шаралар науқастардың паллиативтік көмекке қолжетімділігін арттыруға, инфрақұрылымды нығайтуға және қызметтің барлық деңгейлерінде дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматы қаласында өткен паллиативтік көмек көрсету мәселелеріне арналған жыл сайынғы конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда паллиативтік көмекті дамыту – денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі.
Жазылмайтын дертке шалдыққан адамдарға сапалы паллиативтік көмек ұйымдастыру – бұл жай ғана медициналық міндет емес. Бұл – адамгершілік, мейірім және әділеттілік мәселесі. Қазіргі уақытта паллиативтік көмек көрсетуді ұйымдастырудың жаңа ұлттық стандарттары әзірленуде. Олар тәсілдерді біріздендіруге, қызмет сапасын арттыруға және мультидисциплинарлық командалардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар стационар жағдайында да, үй жағдайында да жүргізіледі. Әсіресе, балалар паллиативін дамыту – алда бізге үлкен жауапкершілік жүктейтін маңызды бағыт, – деді Ақмарал Әлназарова.
Паллиативтік көмектің қазіргі ахуалы
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, елде паллиативтік төсек-орын саны нормативке жеткізілді — әр 100 мың адамға 10 төсек. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша барлығы 2 087 төсек орны ұйымдастырылған, оның ішінде 81-і балаларға арналған.
Республиканың 20 өңірінде 220 мобильді бригада жұмыс істейді.
Қазір елімізде 9 дербес паллиативтік көмек көрсету мекемесі бар. Олар Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында орналасқан.
Науқастар құрылымы мен дәрі-дәрмекпен қамтылу
Паллиативтік көмекке мұқтаж науқастардың ауру құрылымы:
-
онкологиялық аурулар – 41%,
-
жүрек-қантамыр жүйесі аурулары – 27%,
-
тыныс алу жүйесі аурулары – 12%,
-
жарақаттар – 11%,
-
туберкулез – 2%.
Паллиативтік көмек көрсету кезінде қолданылатын анестетиктер мен дәрілік заттар тізімі 18 атауға дейін кеңейтілді.
2025 жылға Бірыңғай дистрибьютор 318,1 млн теңге сомасына 9 атаудағы дәрілік заттарды (2 млн-нан астам бірлік) сатып алды.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі заман талаптарына сай паллиативтік көмек көрсету стандартына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
Конференция қорытындылары жазылмайтын дертке шалдыққан адамдардың өмір сапасын қамтамасыз ететін интеграцияланған паллиативтік көмек жүйесін қалыптастыру жолындағы жаңа қадам болмақ.
Пікірлер (0)