Қазақстандықтардың 77 пайыздан астамы Президентке сенеді – сауалнама
Сурет: Ашық дереккөзден
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) 2024 жылдың 11 мамыры мен 22 маусымы аралығында социологиялық сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Janabastau.kz.
Іріктеме көлемі 8000 респондентті құрайды. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар: Астана, Алматы және Шымкенттің 18 жастан асқан респонденттері қатысты.
Қоғамдық пікірді зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының Президентіне респонденттердің 77,1 пайызы сенім білдіреді. Бұл ретте бірқатар заңдылықтарды ескере отырып, Мемлекет басшысына сенім артқан азаматтардың орташа портретін көрсетуге болады.
Біріншіден, жастар Президентке көбірек сенім артады (81,9%).
Екіншіден, респонденттердің білім деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым олардың Мемлекет басшысына деген сенімі артады.
Үшіншіден, Мемлекет басшысына сенім деңгейі ауыл тұрғындары (79,6%) және қала тұрғындары (75,4%), әйелдер (79%) және ерлер (74,9%) арасында шамамен бірдей екенін атап өткен жөн.
Төртіншіден, білім, өнеркәсіп, қызмет көрсету, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында қызмет ететіндер Президентке көбірек сенім артады.
Әлемде саяси институттарға деген сенімнің төмендеуі сияқты жалпы үрдіс байқалады. Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропадағы геосаяси өзгерістер, пандемия, инфляция салдарынан өмір сүру құнының өсуі және көптеген елдерді шарпыған экономикалық дағдарыс саяси институттарға деген сенімнің төмендеуінің себептерін түсіндіреді.
Бұл тұрғыда Қазақстан көптеген елдермен салыстырғанда жақсы жағынан ерекшеленеді. Мемлекеттің кезең-кезеңімен саяси жаңғыруы, көппартиялық жүйені дамытуға бағытталған заңдар, жергілікті және аудан әкімдерін сайлау, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» формуласын жүзеге асыру – осының барлығы Президенттің Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асырудың көрінісі.
Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашық және әділ қоғам құруға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформалары, сайып келгенде, Президенттің қоғамдағы жоғары рейтингіне негіз болды.
Пікірлер (0)