QazVac-тан ЖИ-ға дейін: қазақстандық ғылым неге серпін беріп жатыр

Жаңалықтар
view 4
news

Коллаж: kazpravda.kz

Қазақстанның ғылыми әлеуеті соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріп, жаңа буын зерттеушілер инновациялық жобаларымен халықаралық деңгейде таныла бастады. Ғылымды кеңінен танымал ету – қоғамның техникалық, зияткерлік және экономикалық дамуына жол ашатын стратегиялық бағыт. Өйткені ғылымды түсінетін қоғам – прогресті жылдам қалыптастыратын қоғам, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Ғылымдағы жетістіктер

Ғылыми зерттеулер көбіне зертханаларда қалып қояды да, олардың нәтижесін көпшілік біле бермейді. Қоғам ғылымның нақты пайдасын көрген сайын, жас буынның қызығушылығы артады, мемлекет тарапынан қолдау күшейеді, бизнес инновацияға тез бет бұрады. Сондықтан ғылыми жетістіктерді жұртшылыққа түсіндіруді тек ғалымдардың мойнына артып қоюға болмайды. Бұл бүкіл елдің ортақ міндеті болса керек.

Ғылыми зерттеу демекші, қазақстандық ядролық физик, профессор Зариф Темірғалиев бастаған топ ядролық материалдарды талдаудың жаңа әдісін әзірледі. Бұл технология қазір Еуропалық ядролық орталықтарда пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Отандық ғалымдардың жетістігі ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық рейтингте Қазақстанның позициясын жақсартқаны анық.
Сондай-ақ пандемия кезінде жасалған QazVac вакцинасы – отандық ғылымның әлеуетін дәлелдеген ірі жаңалық. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қысқа мерзімде сапалы өнім дайындап, оны клиникалық сынақтардан өткізді. Бұл – ғылыми кадрлардың әлеуетін және зертханалық инфрақұрылымның тиімділігін көрсеткен нақты мысал.

Ал Алматыдағы Ауыл шаруашылығы ғылымдары институтының зерттеушілері қуаңшылыққа төзімді жаңа сорттарды әзірлеп, оңтүстік өңірлерге бейімделген бидай мен арпа будандарын енгізгені бөлек әңгіме. Бұл климат өзгеріп жатқан кезеңде Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтатын маңызды қадам еді.

Сол секілді Astana Hub-та жұмыс істейтін жас ғалымдар тобы қазақ тілінде сөйлеуді автоматты тану технологиясын жасап шықты. Жоба бүгінде отандық банктер мен колл-орталықтарда тестен өтіп жатыр. Қазақ тіліне негізделген AI шешімдері цифрлық суверенитетке қол жеткізудің негізгі құралы болмақ.

Ғалымдар жетістігін қалай ілгерілетеміз

Ғылыми коммуникация мәдениетін дамыту арқылы Қазақстан өз ғалымдарын халықаралық аренада таныта алады. Университеттердің ғылыми блогтары, медиа-платформалар, ғылыми подкасттар, мектептерге арналған танымдық бағдарламалар – отандық ғылымды кеңінен насихаттаудың тиімді тәсілдері.

Біздің ойымызша, еліміз ғылымды ілгерілету арқылы жаңа технологиялардың енгізілуін тездетеді, өндірістің тиімділігін арттырады, жастардың ғылыми кәсіпке келуін көбейтеді,
халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді.

Түйін

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Қазақстан ғылымы әлеуетті деп сеніммен айта аламыз. Ол үшін осы әлеуетті ел дамуының негізгі драйверіне айналдырып, ғалымдардың жетістігін кеңінен танытып, қоғамның ғылымға деген сенімін арттыру қажет-ақ.

Ғани АТЫМТАЙ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *