Қоғамдық орындарда никаб кигендерге айыппұл салынуы мүмкін
Сурет: seanwang / istock
Қырғызстанда қоғамдық орындарда никаб киіп жүргендерге 20 мың сом айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы парламентте талқыланып жатқан «Дін бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң жобасында айтылған, деп хабарлайды janabastau.kz ulysmedia.kz сайтынат сілтеме жасап.
24.kg сайтының мәліметінше, әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне 127.1-бапты енгізу ұсынылған. Бұл бап азаматтардың жеке басын тануға мүмкіндік бермейтін киімдерді мемлекеттік органдар мекемелерінде және қоғамдық орындарда киюге қатысты.
Депутат Дастан Бекешев бұл айыппұл сомасын азаматтар үшін тым ауыр деп санайды.
«Бет-жүзді жасырып, никаб немесе паранджа кигенің үшін 20 мың сом айыппұл салынады. Никабты көбіне әлеуметтік осал топтағы әйелдер киеді. Жақсы табысы мен білімі бар никаб киген әйелдерді сирек кездестірдім», – дейді ол.
Бұған дейін Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссия заң жобасынан никабты қоғамдық орындарда киюге тыйым салу туралы норманы алып тастауды сұраған болатын. Олар бұл норманың демократия принциптеріне қайшы екенін мәлімдеген.
«Мұндай пікірлер ескерілмеді, себебі демократия принципі дауыс беруге қатысу құқығын, еркін дауыс беру мүмкіндігін және сайлауда кандидатурасын ұсыну құқығын қамтамасыз етуді білдіреді. Бұл шектеу тек азаматтардың жеке басын тануға мүмкіндік бермейтін киімдерге қатысты және мемлекеттік органдар мекемелерінде, сондай-ақ қоғамдық орындарда қолданылады», – деп жауап берді заң жобасын ұсынушылар.
Бүгін Қырғыз парламентінде діни салаға қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралады.
Бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиан әйелдерге хиджаб кию талаптарын күшейтетін заңға вето қойған. Ол хиджабқа байланысты қатаң талап қою қоғамда жаңа толқулар тудыруы мүмкін деп санайды.
Пікірлер (0)