Қостанайда субсидия арқылы 2,5 млрд теңге жымқырғандарға қатысты үкім шықты

Жаңалықтар
view 102
news

Фото: Қостанай соты

Қостанай сотында елді шулатқан ірі жемқорлық ісі бойынша үкім жарияланды. Мемлекеттен бөлінген миллиардтаған субсидияны жымқыруға қатысы бар 30 адам сотталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Тергеу мәліметінше, 2021 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың маусымына дейін ұйымдасқан топ ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген қаржыны жүйелі түрде қолды еткен. Жалпы шығын 2,5 миллиард теңгеден асады.

Схеманың өзегі BEEF EXPORT GROUP пен оған байланысты құрылымдар. Қағаз жүзінде қуаты жоғары деп көрсетілген ет комбинаты шын мәнінде талапқа сай болмаған. Алайда жалған құжаттар арқылы мемлекеттен 1,1 млрд теңгеден астам инвестициялық субсидия алынған.

Бұнымен тоқтап қалмаған. Тергеу барысында шаруалар талапқа сай келмейтін, тіпті қағаз жүзіндегі "жалған малды" өткізіп, субсидия алған. Ветеринарлар мен кәсіпорын қызметкерлері құжаттарды қолдан жасап, малдың салмағы мен санын "реттеген".

"Ауадағы ет" үшін мемлекеттен тағы 1 млрд теңгеден астам қаржы игерілгені анықталды. Сот бұл әрекеттерді ұйымдасқан қылмыстық топтың жүйелі жұмысы деп таныды.

Сот шешімімен компания директоры 14 жылға сотталды. Бірнеше кәсіпорын басшылары 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бухгалтер мен қатысушыларға 9 жылға дейін жаза берілді. Ветеринарлар мен шенеуніктер де түрлі мерзімге сотталды. Кейбір айыпталушыларға кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жаза шартты түрде тағайындалды немесе кейінге шегерілді. Сот шешімімен 1,3 млн доллар, 600 млн теңгеден астам қаржы және өзге де мүліктер мемлекет пайдасына тәркіленді, – делінген сот хабарламасында.

Сонымен қатар сотталғандардың активтері азаматтық талаптарды орындағанға дейін бұғатта қалды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *