Құтты қоныс

Жаңалықтар
view 23
news

Фотосурет: дереккөз

Қосшы қаласында үш-төрт үйіміз бар. Зейнет жасындағы әке-шешеміз, туған бауырларымыз, қарындасымыз сонда тұрады.

Әуелде Бейбіт бауырымыз Қосшыдан жер алып, үй салайық дегенге күмәнмен қарадық. Қосшы Астанадан алыс көрінді. Көшесі батпақ, әлеуметтік нысандары көп емес, мектебі аз.

Бара-бара жас қала тура ертегі кейіпкеріндей тез өсіп, тез құлпырып шыға келді. Астана да жыл озған сайын Қосшыға қарай созылып келеді. Жаңбыр жауса батпағы бетіне шығып жатқан көшелерге тас төселді. Үйлерге газ қосылды.

Мектептері мен жаңа нысандары көбейді. Аз уақытта «Тарлан-Астана» жолы Қосшыны елордаға одан әрі жақындата түседі. Халықтың тұрмысын жақсартқан оң өзгерістерге куә болып жатқанымызға ризамыз. Қосшыдағы үй маңына әкеміз бен анамыз жемісін егіп, жаз бойы соны суарып, күтіп өсіреді. Өздері суарып баққан қияры мен қызанағының дәмі де бөлек болады.

Ауылда туып-өскен үлкен адамдарға жер үй – жайлы қоныс. Мейрам күндері, отбасылық мерекелерде Қосшыда бой көтерген қарашаңырақ үйімізге бала-шағамызбен түгел жиналып қаламыз. Ертеректе Нарманбет Қошкеұлы атамызға арнап жазған бір өлеңімізде былай деген едік:

«Тегімізге мекен керек тұрақты, Қасиетті Баянтаудан қоныс қылдық жырақты. Қайнар көзі Сарытаудан ағып жатқан бұлақты Көл қыларлық жер керек! Бүгін, Ата, көтеремін көкейкесті сұрақты!».

Осылайша, он үш жылдан бері Қосшы біздің әулетіміз үшін құтты қонысқа айналды. Тағдыр жазуымен Омбы жерінде талай жыл мекен еткен Кемеңгер әулетінің қарашаңырағы осы күнде Қосшы қаласында орналасты.

Қосшыда біз секілді мыңдаған отбасы жаңа үй салып, жаңа армандардың орындалғанына куә болып отыр. Бес жылда берекелі белесті бағындырған, қанша отбасыға қуаныш пен шаттық сыйлаған Қосшы қаласының болашағы жарқын деп сенеміз.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *