Қымбатшылық пен ұлттық валютаның құнсыздануына қарсы жаппай наразылықта 6 адам қаза тапты

Жаңалықтар
view 167
news

Фотосурет: yahoo.com

Иранда қымбатшылық пен ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты туындаған ауқымды наразылық акциялары бесінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қауіпсіздік күштерімен болған қақтығыстар кезінде 6 адам қаза тапқан, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Ирандық БАҚ пен құқық қорғаушылардың мәліметінше, елдің оңтүстік-батысындағы Лордеган қаласында 2 адам қақтығыс құрбаны болған. Тағы 3 адам Лорестан провинциясындағы Азна қаласында, ал 1 адам Иранның батысындағы Кухдаште қаза тапқан. Алайда ресми дереккөздер қаза тапқандардың наразылық білдірушілер ме, әлде қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері ме екенін нақтыламады.

Әлеуметтік желілерде оқиға орындарынан түсірілген бейнежазбалар тарап жатыр. Кадрлардан көшедегі тәртіпсіздіктер кезінде өртенген көліктер мен жасалған өрттерді көруге болады. Тексеруден өткен бейнематериалдар Лордеганда ғана емес, Тегеранда, сондай-ақ елдің оңтүстігіндегі Фарс провинциясына қарасты Марвдаште қаласында да наразылықтар болғанын көрсетеді.

Наразылық акцияларына қатысушылардың бір бөлігі қазіргі билікке қарсы ұрандар айтып, елдің жоғарғы көшбасшысының отставкаға кетуін талап етіп отыр. Кейбір жағдайда монархияны қалпына келтіру туралы талаптар да айтылуда.

Hengaw құқық қорғау тобы Лордеганда қаза тапқан 2 адамның наразылық білдірушілер болғанын мәлімдеп, олардың есімдерін атады. Иран билігі бұл мәліметтерге әзірге ресми түсінік берген жоқ.

Бұған дейін Иранда жаппай наразылық акциялары өтіп жатқаны хабарланған болатын. Жаңа жыл түні демонстранттар Ченар қаласында «Басидж» атты әскерилендірілген құрылымның тірек пунктін өртеп жіберген.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *