Қыз алып қашу насихатталмайтын Қазақстанда «Кавказская пленница» неге көрсетіледі?
Фотосурет: фильмнен скриншот
Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кавказская пленница» фильмінің көрсетіліміне қатысты депутаттардың алаңдаушылығына жауап берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Мәжілісте «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы талқыланған кезде бірқатар депутат мемлекеттік саясат пен телеарналарда көрсетілетін кейбір телехикаялар мен бағдарламалардың мазмұны арасында қайшылық бар екенін атап өтті.
Жақында ұлттық арнада көрсетілген телехикаяда «келісім бермесең, ұрлап аламын», «мені де алып қашқан, ештеңе болған жоқ» деген сөздер айтылды. Яғни, біз күресіп жатқан құбылысты (қалыңдықты алып қашу) қалыпты жағдай ретінде көрсету бар. Мұндайға жол беруге болмайды, – деді депутат Мұрат Әбенов.
Оның сөзін депутат Құдайберген Бексұлтанов та қолдап, қазіргі қазақстандық телехикаяларда бейәдеп сөздердің көптігін сынға алды.
Жауап ретінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Исқақов жаңа заң жобасында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске қорлайтын контентті тарату мен насихаттауға қатысты жауапкершілік енгізілетінін айтты. Сонымен қатар, министрлік сарапшылар және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, мемлекеттік саясатқа қайшы келетін мазмұнға жол бермеу бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
Егер мәселе отандық телехикаяларға қатысты болса, шара қабылдаймыз. Ал шетелдік контент болса, оны эфирге жібермейміз, – деді вице-министр.
Алайда белгілі кинотуындылардың бірі – оқиға желісі қалыңдықты алып қашу тақырыбына құрылған «Кавказская пленница». Осыдан кейін «Ол фильмге де тыйым салынып кетпей ме?» деген сұрақ туындады.
Tengrinews.kz редакциясының ресми сұрағына жауап берген Мәдениет және ақпарат министрлігі қазіргі заңнамада классикалық кеңестік шығармаларға, егер олар қазіргі құқық нормаларын бұзбаса, ретроспективті тыйым салу қарастырылмағанын мәлімдеді. Бұл жерде «ретроспективті тыйым» дегеніміз – жаңа нормалардың бұрын түсірілген фильмдерге қолданылуы.
Фильмдегі эпизодтар көркем сценарийдің элементтері ретінде қарастырылады және заңсыз әрекеттерді насихаттау немесе оған үгіттеу белгілерін қамтымайды. Көркемдік қиялдың болуы көрсетілімді шектеуге негіз бола алмайды, – делінген жауапта.
Сондай-ақ министрлік фильмдерді көрсету «Кинематография туралы» заңмен реттелетінін еске салды. Енді кеңестік кезеңде түсірілгендерден басқа барлық фильм прокат куәлігі мен жас шектеуін алуға тиіс.
Еске сала кетсек, биыл 16 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық заңнаманы оңтайландыруға бағытталған заңға қол қойған болатын. Сол өзгерістердің бірі ретінде қалыңдықты алып қашуға қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Оған қоса, қазір ақпараттық кеңістікті тұрақты мониторингтеу де жүргізіліп жатыр.
Пікірлер (0)