«Қыздарды гаражда ұстаған»: Қостанайда қылмыскерлерге арнайы жасақ жұмылдырылды (ВИДЕО)
Фотосурет: ашық дереккөзден
Қостанай облысында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері такси қызметінің атын жамылып, жезөкшелікпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Тергеу барысында қыздардың қаладағы бірнеше саунада интимдік қызмет көрсеткені анықталды. Тізімде 12 сауна бар. Полиция сауналардың әкімшілерін және ақылы интимдік қызмет көрсеткен адамдарды анықтады.
Қылмыстық топ ауылдардан, әлеуметтік тұрғыдан осал және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жас қыздарды алдап, қорқыту және күш қолдану арқылы жезөкшелікке тартқан. Оларды жалдамалы пәтерлер мен гараждарда ұстап отырған, - деп жазылған облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 5 бабы бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бірқатар күдікті ұсталып, басқа қатысушыларға қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шаралары қолданылды.
Тінту барысында көп мөлшерде қолма-қол ақша, құжаттар, техника, банктік карталар және қылмыстық қызметте пайдаланылған деп болжанған 9 автокөлік тәркіленді.
Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған қаражаттың бір бөлігі жалған банктік шот арқылы заңдастырылған. Бұл қаражат көлік, тіркеме және гараждар сатып алуға жұмсалған, - дейді полицейлер.
Аталған факті бойынша «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру» бабымен бөлек іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.
Пікірлер (0)