«Қызымның мәйітін зорлаған»: Шымкенттік ана қылмыскердің 7 жылға ғана сотталғанын айтып ашынды
Фотосурет: видеодан скриншот
26 жастағы Диана Оңғарбайды аса қатыгездікпен өлтірген жасөспірім 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Sadaq.kz сайты хабарлайды.
Қанды оқиға 2025 жылдың 21 шілдесінде Шымкент қаласында тіркелген. Тергеу дерегіне сәйкес, 16 жастағы оқушы Telegram желісіндегі арналардың бірінде «үй тазалаушы» қажет екені туралы хабарландыру жариялаған.
«Бала деп сөзіме сенбейді» деген оймен ол бұл хабарламаны анасының атынан берген. Хабарландыруды көрген 26 жастағы Диана Оңғарбай күдіктімен байланысып, 15 мың теңгеге үй жинап беруге келіседі.
Айта кетейік, марқұм сол күні алғаш рет үй тазалаушы ретінде тапсырыс қабылдаған. Күдіктінің үйіне барып, жұмысты аяқтаған соң Диана еңбекақысын сұраған. Алайда жасөспірім оны арқа тұсынан, мойын жағынан 25 рет, бүйірінен бір рет пышақтап өлтірген.
Марқұм он күн бойы іздеуде болған. Кейін оның мәйіті қоқыс жәшігінен табылып, қап пен пакетке салынып, скотчпен оралғаны анықталды. Марқұмның анасы Руслан Өтепбайға берген сұхбатында жүрекжарды сөзін айтты.
«Оның мақсаты үй тазалату емес, қандай қыз келсе де жыныстық қатынасқа түсу болған. Пышақтап өлтіргеннен кейін мәйітті зорлап, қорлаған. Ертесі телефонын сатып жіберген», – дейді ол.
Сот үкімімен 16 жастағы күдікті 7,5 жылға сотталды. Алайда марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспей, істі қайта қарауды талап етіп отыр.
Айта кетейік, Диана Оңғарбайдың артында 2 және 5 жастағы екі қызы жетім қалды.
Пікірлер (0)