Рәміздер күні - қастерлі күн

Жаңалықтар
view 259
news

Елімізде жыл сайын 4 маусымда рәміздер күні атап өтіледі.  2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы қабылданды. 

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында рәміздер күнімен құттықтады. "Барша отандасымды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Еліміз үшін Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі парызы!", - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Республикасының рәміздері –  ту, елтаңба, әнұран. 1200 нұсқаның ішінен таңдалған мемлекеттік тудағы қыран еркіндікті, күн молшылықты, көк түс берекені білдіреді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Елтаңбада  ұлтымыздың тарлан тарихы мен мәдениеті көрініс тауып, бейнеленген.  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Шеберлікпен жасалған елтаңба 293 жобаның ішінен үздік деп танылып, таңдалған.

ҚР Мемлекеттік әнұраны 2006 жылдың 7 қаңтарында Парламентте бекітілген. Сондай-ақ ол алғаш рет тұңғыш Президентті ұлықтау рәсімінде орындалған.Заң бойынша (ҚР Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңының 9-бап, 1-тармағы) Мемлекеттік әнұран шырқалған кезде оны орнынан тұрып айту және оң қолын жүрек тұсына қою міндеттеледі. Әннің авторы - Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар - Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *